Жазушылар одағының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге 250 млн теңге қаржы бөлінеді

17.08.2019 00:35

Бақытжан Сағынтаев зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Алматыда соңғы 20 жыл бойы жөндеу көрмеген Қазақстанның жазушылар үйі қайта қалпына келтіріледі. Бүгін бұл туралы зиялы қауыммен өткен кездесуде Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала басшысы, қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді деді. Сондай-ақ, жоспарда ақын, жазушылар мен прозашыларға ақшалай грант тағайындау, әдеби шығармалар конкурсын өткізіп, оны театрда сахналандыру және қос ауданда жаңа форматтағы кітапханалар салу бар екенін жеткізді.

Бүгін зиялы қауым өкілдері Алматы қаласының әкімін құшақ жая қарсы алды. Қашанда еліміздің мәдениет пен руханиятын дамытуға ерекше мән беретін Бақытжан Сағынтаев ақын-жазушылармен кездесуге нақты ұсыныстарымен келген. Шаһар басшысы ел тарихында алар орны ерекше Жазушылар одағының ғимаратын жөндеуден өтетінін айтты. Ұлтымыздың дамуына үлес қосқан алыптардың ізі қалған қасиетті орданы жөндеу үшін биыл жергілікті бюджеттен 250 млн теңге қаржы бөлінеді. Оған қоса, Жазушылар одағының «Шығармашылық үйі» орналасқан жер теліміне қатысты заңдастыру мәселесі де қарастырылып жатыр.

«Көптеген Жазушылар Одағына байланысты қордаланған мәселелерді талқыға салдық. Оның ішіндегі үлкен мәселелердің бірі – осы Жазушылар Одағының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі. Кіргеннен байқап, көріп келе жатырмыз. Шын мәнінде, көп жұмысты талап етіп тұр. Енді бұл мәдени ошақ болғаннан кейін бұған жұмыс істейтін компанияның өзі сол лицензиясы болуы керек. Солардың ішінен таңдап алып, өздеріңіз де оған ақыл-кеңес берерсіздер. Жұмысын бастап кетеміз, Алла жазса. Бәрін, ретке келтіреміз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Шығармашылықпен айналысып жүрген жастарды қолдау –– күн тәртібінде екенін айтқан қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ақшалай грант жариялады.

Енді қыркүйек айынан бастап 30 шақты ақын-жазушы мен прозашының қаражатқа қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Әзірге берілетін қаржының нақты сомасы айтылған жоқ. Шаһар басшысы лайықтыларды анықтауды аға буынға тапсырды. Тек іріктеу әділ әрі ашық өтуі керек. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» және «Рухани жаңғыру» бастамалары негізінде жыл сайын үздік драматургиялық шығармаларға байқау жариялап, кіл мықты деп танылған туынды қала теартларында сахнаналатын болады.



«Жастарды қолдаса, жатақхана салатын болса, «сен ақынсың, сен жазушысың, сенен үміт күтеміз» дейтін болса, оған шабыт береді. Бәріміз сөйтіп келдік қой әдебиетке. Қолдау болмаса қалай келер едік. Көкірегімізден итерсе, кетіп қалатын едік. Өзінің алып келген жоспарларының өзі бізді қуантып отыр. Біздің айтқан ұсынысты былай қойғанда, әкімнің өзі драматургия жөнінде конкурс жариялау, балалар әдебиеті жайлы конкурс жариялау, театрлармен жұмыс істеу, әдебиетті қолға алу тарихты қолға алу, кітаптар шығаруды қозғады», – деді ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, драматург Дулат ИСАБЕКОВ.

«Бізге керек кезінде келіп отырсыз. Кетігін жамайтын қысқасы. Ал енді мына қара шаңыраққа келейін тек адам тарихы, мемлекеттің тарихы болатын әр ғимараттың тарихы бар. Киелі жерлерді тізімдейтін болса, біздің Жазушылар одағының ғимаратын киелі орын деп енгізуді ұсынар едім», – деді Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ.

Сондай-ақ, Жазушылар Одағына қарасты «Қазақ әдебиеті» газеті де ағымдағы жылы 85 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Елдің мәдеиеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосқан мерзімді басылымның қазіргі қаржылық жағдайы ескеріліп, қолдау көрсетілетін болды. "Әдебиет -ардың ісі" деген қала басшысы «Жұлдыз», «Простор» журналдарына да бей-жай қарамайтынын айтты. Егер қаражат бөлінсе, газет ұжымы да мерекені өз деңгейінде атап өтуді ойлап отыр.

«Осы газеттің бетінде мысалға біздің кешегі алыптар шоғының шығармалары олардың көркем дүниелері, ойлары, қоғамға айтпақ ойлары солардың бәрі жарық көріп жатыр. Біз мүмкін болса, ақын-жазушылардың кештерін ұйымдастырсақ. Халықпен кездесу ұйымдастырсақ па деген ойдамыз. Ең бастысы қазір оқырман мен қаламгердің арасы ажырап кетті. Алшақтап кетті. Осыларды жақындатсақ па деп ойлаймыз», – деді «Қазақ Әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен ҚУАТ.

Биыл қазақ әдебиетінің қара шаңырағы саналатын Қазақстан Жазушылар Одағына 85 жыл. Қала басшысы елдің беткеұстарларын мерейтоймен құттықтап, осыған орай қос кітаптың жарыққа шығуына қаржылай қолдау көрсетілетінін жеткізді. Осылайша, «Әдеби өмір шежіресі» мен «Қазақстан жазушылары анықтамалығы» қалың оқырманның қолына тимек.

Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы


Осыған орай, қала әкімі жас қаламгерлердің шығармашылық құлшынысын арттыру мақсатында қыркүйек айынан бастап, 30 ақын-жазушыға арналған грант бөлу де жоспары барын айтты. Әзірге оның нақты сомасы мен кімнің оған қол жеткізе алатыны белгісіз. Қала әкімі лайықты жас ақын-жазушыларды анықтауды аға буынға тапсырды.