Қазіргі таңда eGov mobile қосымшасының «Цифрлы құжаттар» қызметінде 18 құжат бар
eGov mobile мобилдік қосымшасы арқылы «Қазпошта» АҚ-да енді жеке куәліктің цифрлық баламасымен ғана сәлемдемені қабылдап алуға және жолдауға болады, деп хабарлайды Almaty.tv Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап.
«Қазпошта» АҚ тұтынушылары еліміздің барлық өңіріндегі бөлімшелерде сәлемдемені қабылдағанда және жолдағанда цифрлық жеке куәлікті пайдалана алады. Бұл проект Қазпоштаның пошта қызметтері үшін пилоттық режимде шығарылды. Жаңа қызметтерді пайдалану үшін:
• eGov mobile мобилдік қосымшасына тіркеліңіз;
• «Қызметтер» бөлімінен «Цифрлы құжаттарды» таңдаңыз;
• Қажетті құжатты таңдаңыз;
• Құжатқа «Қолжетімділікті ашу» батырмасын басыңыз;
• «Қазпошта» операторына смартфон экранында пайда болған алты орынды қысқа кодты айтыңыз. Код автоматты түрде жасалады және ешқашан қайталанбайды.
Оператор өзінің деректер базасына бірегей қысқа кодты енгізеді, осыдан кейін жүйе автоматты түрде тұтынушының төлқұжатын жүктейді.
Бұл сәйкестендіру механизмі тұтынушының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, үшінші тұлға тарапынан болуы мүмкін алдамшылықтың алдын алады.
Қазіргі таңда eGov mobile қосымшасының «Цифрлы құжаттар» қызметінде 18 құжат бар. Олардың ішінде ең көп пайдаланылатыны: жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, вакцина паспорты, ПЦР тест және туу туралы куәлік.
Бұдан сырт, цифрлық құжаттарды еліміздің барлық әуежайларында, «ҚТЖ» АҚ-ның теміржол вокзалдарында вагонға отырғызу кезінде, «Отбасы Банк» АҚ бөлімшелерінде, Beeline және екінші деңгейлі банктер мен нотариус қызметтерінде пайдалануға болады.