|
12.12.2019 | 13:20
5269

«Алматы-2050» даму стратегиясының соңғы нұсқасы ұсынылды

Оны қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Урбан форумында таныстырды

«Алматы-2050» даму стратегиясының соңғы нұсқасы ұсынылды

«Шет аймағы жоқ». «Ақылды әрі тең мүмкіндіктер қаласы». «Жаңа Алматы». Бүгін алып шаһар Алматыны өмір сүруге жайлы етуді мақсат еткен басты құжаттың соңғы нұсқасы талқыланып  жатыр. Оны қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Урбан форумында таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаланың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы қараша айында халыққа ұсынылған болатын.  Тіпті дүйім ел тарапынан айтылған талап-тілек ескерілетіні айтылған. Сол аралықта 400 шақты қала тұрғыны 1000-нан астам ұсыныс айтып, оның 180-ге жуығы құжатқа енгізілген. Жалпы, жоба барлық саланы қамтиды. Атап айтқанда, қаладағы тозған құбырларды 48 пайызға азайту, қоқысты өңдеуді 80 пайызға жеткізу, халықтың 60 пайызын қоғамдық көлікпен тасымалдау секілді нақты жоспарлар бар. Ал бастысы жолда қауіпсіздікті күшейтіп, қаза табатындар санын нөлге түсіру көзделген. Алматы әкімдігі қаланы бейнебақылау мен адамды тани алатын интеллектуалды жүйелер орнатылған, ақылды, қауіпсіз, экологиясы таза, мәдени және креативті мегаполиске айналдыруды көздейді.

«Стратегия Алматының дамуын жаңа қырынан көрсетеді. Мақсаты – адамның өмір сүру сапасы жоғары әлемнің үздік 100 қалалар қатарына ену. Сонымен қатар, бизнеспен айналысуға ыңғайлы қала болу. Құжат 3 қағидаға негізделген. Ол: жаңа экономика, жаңа кеңістік және жаңа коммуникация. Тұрғындардың өмір сүру сапасы қала экономикасына тікелей байланысты. Сондықтан Алматыда сауда-саттық даму керек. Екіншіден, қала іргесі мен ортасында тепе-теңдік сақтай отырып, шеткі аудандарды да ортасымен бірдей етіп дамытамыз. Бұл – менің жеке позициям. Және соңғысы, коммунникация. Тұрғындармен жиі кездесіп, проблемаларын тез арада шешіп беру. Осы тұста «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы қолға алынады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратында таңғы сағат 9:00 де басталған жиынға келген қатысушылар көп болды. Конференцияда биыл басты үш тақырыпқа басымдық берілді. Мамандар алып шаһарда экология, қауіпсіздік және көлік тиімділігін жақсарту керек деп санайды. Бүгін олар осы салаларды жетілдіру  мақсатында өз жобаларын да ұсынып жатыр. Қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев ұсыныс-тілектердің орынды екенін айтып, аталған бағыт бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын жіпке тізді. 

«Қалада көтерме сауданы қолдау көзделіп отыр. Яғни, сырттан келген тауарларды бір жерге сақтап, содан кейін мегаполистегі дүкендер мен сауда орталықтарына тарататын орын ашу жоспарда бар. Ол жерде тауар қайта өңделмейді, тек оның өтуіне жағдай жасаймыз. Көлік мәселесіне келетін болсақ, қазір кезек күттірмейтін проблемаларды шешіп жатырмыз. Одан кейін облыспен жалғайтын жолдарды кеңейту көзделіп отыр. "Алтын орда" базары маңындағы тас жолды, Талғарға қарай беттейтін жолдарды кеңейту де ойда бар. Сәйкесінше сол жақтан қатынайтын қоғамдық көліктерді де ойластырып жатырмыз», – дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит ӘЗІРБАЕВ.

Сонымен, 2050 жылға қарай қала келбеті қалай өзгереді? Алматы 5 млн тұрғынға ыңғайлы метроөңір бола ала ма? Толығырақ кешкі 19:00 және 19:30-да эфирге шығатын қорытынды жаңалықтардан біле аласыздар.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир