Киіз басу өнері кенжелеп қалды – суретші

09.02.2021 18:20

Елордада өткен «Таң Шолпан» көрмесі аясында қолөнер және бейнелеу өнерінің өзге де өзекті мәселелері талқыланды

Киіз басу әлемде кеңінен тарағанмен, Қазақстанда бұл өнерді дамыту кенжелеп қалды. Суретші Гүлжанат Қабижанова осылай дейді. Оның сөзінше, әсіресе, этно дизайн Еуропа елдерінде жоғары сұранысқа ие. Елордада өткен «Таң Шолпан» көрмесі аясында қолөнер және бейнелеу өнерінің өзге де өзекті мәселелері талқыланды. Ең үздік жұмыстар іріктеліп, Ұлттық музейде халық назарына ұсынылды. Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ел егемендігінің 30 жылдығы қарсаңында «Таң Шолпан» халықаралық тәуелсіз суретші әйелдер қорының көрмесі өтті. Оған өзектілігі және ойлау жасампаздығымен ерекшеленген 50-ге тарта суретші әйелдің 140 жұмысы қойылды. Әр туыңды өзінің көркемдік стилі және композициялық идеясымен көздің жауын алады. Олар әлем кеңістігі, табиғат пен өмірдің әртүрлі құбылыстары жайлы сыр шертеді. Суретші Гүлжанат Қабижанова осындай шаралар арқылы ұлттық қолөнеріміз көбірек дәріптелуі керек дейді.

«Неге екенін білмеймін Қазақстанда біздің көне өнеріміз болса да өте дамымаған. Бұған көп көңіл аудармайды. Ал, шетелді, Еуропаны алсақ, өте кең тараған және бұл таза, табиғи материал. Бұрынғыдан келе жатқан әдіс-тәсілдер және қазір материал жағынан сондай жақсы бұл жұмыс өндіріске, кәсіпкерлік ретінде жақсы жолға қойылған», – деді суретші Гүлжанат Қабижанова.

Көрменің мақсаты – халықаралық арт кеңістікте өнердің әр түрлі жанрларында жұмыс істейтін, өзінің жеке қайталанбас дүниетанымы, жаңашылдығы бар дарынды, бірегей, жасампаз әйелдердің шығармашылығын дамыту арқылы суретші әйелдің мәртебесін көтеру, дейді қор президенті Жәмила Тәкен.

«Біздің мақсатымыз – әйел суретшілердің өнердегі рөлін көрсету, беделін көтеру. Көбінесе бізді, әйелдерді қолөнершілер ретінде қабылдайды. Бірақ бейнелеу өнерімен айналысатыны, өз туындыларында күрделі мәселелерді көтеретіні қалыс қалып жатады. Оған ешкім назар да аудармайды. Міне, біз осыған назар аударғымыз келді және аз уақыт ішінде суретші әйелдердің кәсіби деңгейі артты, шабытпен жұмыс істей бастады», – деді «Таң Шолпан» халықаралық тәуелсіз суретші әйелдер қорының президенті Жәмила Тәкен.

Сонымен қатар,көрме аясында өнертанушы ғалымдар мен өнер қайраткерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, әйелдер қауымының шығармашылықпен айналысуы, олардың дамуына жағдай жасау тәрізді өзекті мәселелер талқыланды. Айта кетейік, «Таң Шолпан» Халықаралық тәуелсіз суретші әйелдер қоры 1998 жылы құрылған.  Ұзақ уақытқа созылған үзілістен кейін 2019 жылы «Таң Шолпан» қоры өз шығармашылық қызметін қайта жандандырды. Бүгінде осы өнердің сан саласында жұмыс істейтін Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Австрия, Германия, Канада, АҚШ елдерінің кәсіби суретшілері бар.

Асылбек Тойбек