Алматы қаласының Полиция департаментінде 1998 жылдан бастап одорологиялық зертхана жұмыс істейді, жыл басынан бері Алматы полицейлері одорологиялық сынаманың көмегімен 14 қылмыс ашқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Одорология – криминалистиканың қылмыс орнынан иіс ізін анықтау мен тәркілеуді қарастыратын бөлімі. Алматы қаласының ПД Жедел-криминалистикалық басқармасында 1998 жылдан бастап одорологиялық зертхана жұмыс істейді, онда иістер сақталады және одан әрі зерттеледі.
«Одорология – бұл иістер туралы ғылым. Қылмыс орындарынан біз иістерді алып, одорологиялық зертханаға жеткіземіз. Одоролог мамандар оқиға орнына Алматы қаласының ПД жедел-тергеу тобының құрамында шығады. Алматы қаласының ПД ЖКБ зертханасы – Қазақстандағы ең тиімді зертханалардың бірі болып табылады. Зертхана ашылғалы бері көптеген ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуына ықпал етті. Мысалы, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында мамандар 15 сынама өткізді, оның 14-і оң нәтиже берді», – деді Алматы қаласының ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының аға криминалисі Натаван Алиева.
Маманның айтуынша, иіс іздері шыны ыдысқа салынған стерильді фланельде сақталады.
«Зерттеулер инспектор – кинолог және арнайы үйретілген ит – биодетектор қатысатын Алматы қаласының ПД Кинологиялық орталығының базасында жүзеге асырылады. Иттің иіс сезу қабілеті адамға қарағанда 700 есе артық. Зерттеулердің бұл түрі өзектілігін жоймайды, себебі адам кез-келген нысанмен түйіскен кезде оның жеке исі сол жерде міндетті түрде қалады», – деп түйіндеді Натаван Алиева.