Ең қымбат бензин Гонконгта тіркелді
Биыл қаңтар-тамыз аралығындаелімізде 3,4 млн тонна бензин өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 5,4 пайыз артық, деп хабарлайды Almaty.tv.
Energyprom.kz порталының дерегіне сүйенсек, Шымкент 1,3 млн тонна бензин өндірген. Үздік үштікке Атырау (1,2 млн тонна, 30,4 пайызға көбейген) және Павлодар (980,4 мың тонна, 0,6 пайызға көбейген) облысы кірді.2022 жылы елімізде бензин өндірісі 5 млн тоннаны құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға артты.
Қыркүйекте бензин бағасы былтырғымен салыстырғанда 13,4 пайызға өсті. Оның ішінде АИ-98 - 11,7, АИ-92 - 12,8, АИ-95/АИ-96 16,8 пайыз қымбаттады. АИ-92 маркалы бензиннің бір литрінің орташа бағасы — 203 теңге, АИ-95/АИ-96 — 249 теңге, АИ-98 — 261 теңге.
Алматыдағы бензин бағасы былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда 15 пайызға артқан. Алматы және Қарағанды облысында 14,4 және 14,3 пайыз қымбаттаған.
Биыл 13 қазандағы жағдай бойынша, әлемдегі ең арзан бензин Мысырда тіркелді. Оның литрі 153,24 теңге. Одан кейінгі орында Алжир (0,32 доллар) және Кувейт (0,34 доллар/ 162,81 теңге) тұр.
Қазақстанда бензин литрі 0,46 доллар/ 220,28 теңгені құрап, бесінші орынға тұрақтады.
ТМД елдері арасында Қазақстанда ең арзан бензин
Ресей әлем бойынша бензин арзандығы жөнінен жетінші орында тұр: 0,53 доллар/253,80 теңге.
Әзербайжанда бір литр бензин 0,62 доллар/ 296,90 теңге, Беларусьте — 0,75 доллар/359,15 теңге, Өзбекстанда — 0,89 доллар/426,19 теңге, Арменияда — 1,2 доллар/574,64 теңге, Украинада — 1,44 доллар/689,57 теңге.
Ең қымбат бензин Гонконгта (2,88 АҚШ доллары/1379,14 теңге), Финляндияда (2,23 АҚШ доллары/1067,87 теңге) және Грекияда (2,14 АҚШ доллары/1024,77 теңге) тіркелген.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жұмыртқа бағасы неге қымбаттады