Ұшқыштың артында қайғыдан қан жұтып, анасы, жары мен екі баласы қалды
Fokker 100 ұшағының борт командирі болған Марат Мұратбаев – Сырдан шыққан білікті ұшқыштың бірі. Апат уақытында барлық ауыртпалықты өзіне алған командир 58 жасында көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұшқыштың артында қайғыдан қан жұтып, анасы, жары мен екі баласы қалды. Командирдің бағындырар белесі әлі алда еді. Әттең бұл оның көкке соңғы самғауы болды. Қайғыдан қан жұтқан туыстары Мараттың қазасы олар үшін ауыр соққы болды дейді ағайындары.
«Мәкеңнің өмірге әкелген 2 баласы бар - ұлы мен қызы. 3 немере сүйді. Айта кетсек те, 58 жас деген сонша қария жас емес. Ол өмірінің соңғы күніне дейін, соңғы сағатына дейін сұм ажалмен күресіп, көптеген адамдардың өмірін аман алып қалды деп айтуға болады. Сондықтан да, біз бүгін айтатын сөзіміз Марат Ғаниұлының жатқан жері жайлы болсын дейміз. Топырағы торқаулы болсын дейміз», - деді М. Мұратбаевтың құдасы Серікбол ӘБІЛХАНҰЛЫ.
Марат Мұратбаев Қызылорда облысында дүниеге келген. Сонда Тасбөгет кентіндегі нөмірі 176 мектепте білім алған. Кейін Ақтөбедегі жоғары әскери ұшқыштар училищесін тәмамдап, еңбек жолын 1982 жылы туған жерінен бастаған. Бағындырар белесі көп ұшқыш әулетіндегілерге де үлгі болған. Көкке соңғы рет самғауында орын алған апатта ол өзінің біліктілігін көрсетіп, экипаж жолаушыларын аман алып қалуға тырысқан батыл қадам жасады деп есептейді әріптестері.
Сондай-ақ, командирмен бірге бір жарым жыл қызметтес болған әріптесі оның кәсіби маман екенін айтады. Тіпті, жұмыс уақытында экипаж мүшелеріне сыпайы сөйлейтін ең сүйікті командир екенін де жасырмады.
«Мұрат Ғаниұлы мейірімді жан еді. Сүйікті командирлеріміздің бірі. Ол «Эйр Астана» мен түрлі компанияларда жұмыс істеп, түрлі ұшақ түрлерін басқарғаны туралы айтып берген. Яғни, өте сауатты адам, өз ісінің нағыз маманы. Ешқашан жаман ойы болмайтын, ешкімді ренжітпейтін. Әрқашан сөздерін саптап сөйлейтін. Жүзі өте жарқын еді», - деді Bek air компаниясының бортсерігі Арнұр МАМУТ.
«Оның қазасы бізге ауыр соққы болды. Қаралы хабарды БАҚ арқылы қаза тапқандар тізімінен білдік. Аты-жөнін көріп, мүлдем сенбедік. Наурыз айында Марат 59 жасқа толатын еді. Ол халықаралық рейстерге сапар жасайтын білікті ұшқыш еді. Жүрегі жұмсақ, қолы ашық, әрдайым күлімсіреп жүретін. Ол елге сыйлы болды, адамдармен тез тіл табысып кететін. Өз отбасының асыраушы тау тұлғасы еді. Жақсы әке, сүйікті ата бола білді», - дейді М. Мұратбаевтың туысы Мира МҰРАТБАЕВА.
Марат Мұратбаев Қызылорда облысы Тасбөгет кентіндегі нөмірі 176 мектепте білім алып, кейін Ақтөбедегі жоғары әскери ұшқыштар училищесін тәмамдап, еңбек жолын 1982 жылы туған жерінен бастаған. Содан бері 20 мың сағаттан астам уақыт әуеде қалықтаған ұшқыш талай алып лайнерлерді басқарып, дүниенің төртбұрышына сапар шеккен. Ал апат орын алған кезде осы білікті экипаждың арқасында жолаушылардың дені аман қалды деп есептейді ұшқыш достары.
«Оның тәжірибелі кәсіби командир екендігінде күмән жоқ, бәрі қатты құрметтейтін. Гитарада ойнайтын. Апат уақытында мен оның кәсіби білікті маман ретінде өте дұрыс жасады деп есептеймін. Негізі кез келген ұшақ құлағаннан кейін ол жанып кетеді. Ал, ол сол уақытта өрт кранын жауып үлгерген. Себебі, әуе кемесінде жанармай тола болған және жолаушылар ұшақта 100-ге жуық болған. Яғни, ұшақ ауыр. Меніңше, ұшақ ұша бастағанда оң қозғалтқыш істен шыққан. Ал, қозғалтқыш істен шықса, ұшақ жерге қайта отыра бастайды. Енді тек сол жақ бетіндегі қозғалтқыш қана істеп тұрғандықтан, ол әуе кемесін сол және оң жағына қарай тартып, бағытты тепе-тең ұстауға тырысқан. Осы арада ұшақ соңы жерге тиіп, өзіне барлық соққыны алған Мараттың экипажы бетон тастан соққы алып, алдыда тұрған үйге соғысқан. Үшақтың екіге бөліну себебі де осыдан», - дейді І дәрежелі халықаралық ұшқыш Марат СЕРІКБАЕВ.