Жамбыл облысында ауыл тұрғыны шағын трактор құрастырып алған. Орынбасар Көбеевтің техникасы үй іргесіндегі шағын шаруаға ыңғайластырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Оның техникасы қазір жер аударып, қи шығарып, басқа да үй шаруасына жарап тұр.
Орынбасар Көбеев Аса ауылында тұрады. Негізгі мамандығы дәнекерлеуші болса да, бақша егіп мал шаруашылығымен айналысады. Тұрғын қыстыгүні төрт түліктің жем-шөбін тасып, қиын шығару едәуір қиындық тудырады, - дейді. Сондықтан қора жайға сиятын трактор жасауды қолға алыпты. Ол трактор шанағын қалдық темірден құрастырып, бөлшектерін ескі көліктен алған.
"Ескі жигулиім бар еді, соған металломнан барып қарастырып, керекті заттарды жинастырып алдым. 400 мыңның үстінде қаржы кетті. Ал егер бәрін сатып алып, бәрін жаңадан жасағанда ол кезде 700-800 мыңдай ақша кетіп қалатын еді", - дейді Аса ауылының тұрғыны Орынбасар Көбеев.
Ол техникаға "Барыс-86" деген атау берген. Өнертапқыштың сөзінше, салмағы 500 келі болатын мына шағын тракторды кез келген көлік айдап жүрген азамат басқара алады, айдай алады екен. Орынбасардың шағын тракторы 200 келіге дейінгі жүкті көтеріп, 2 тонна тартатын көлікті сүйрей алады. Бүгінде өнертапқыш өзінің шаруасын тындырып, ауылдағы ағайынға да қолғабыс етіп жүр.
"Көрші-қолаңдардың тракторы кіре алмайтын жеріне менің техникам сияды. Сондай-ақ жұмыстарды істеп көршілерге де өзінің де шаруа қожалығына көмегі тиіп жатыр. Былай қарасаңыз бір үйге керек техника деп ойлаймын", - дейді Жамбыл ауданының тұрғыны Фархат Балажанов.