Алматыда өтемақы алу үшін тауарын әдейі жойған кәсіпкерлер анықталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Мұндай әрекеттерге жол бермес үшін қандай шаралар қолданылады?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Біздің бірінші кезектегі міндетіміз – залалдың мөлшерін анықтау және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету». Бұл – мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Алматы қалалық актив отырысында айтқан сөзі. Ол үшін шығын көлемі анықталып, оны арнайы комиссия қарап, тексереді. Алайда шығын көлемін асыра бағалауға жол берілмейді. Кәсіпкерлер палатасы қаңтар оқиғасынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарының шығын көлемін есептеу кезінде асыра бағалау фактілерінің де анықталып жатқанын жасырмады. Кейбір кәсіпкерлер тіпті жергілікті биліктен өтемақы алу үшін тауарларын әдейі жойып жібермек болған екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Мына кадрлер әлеуметтік желінің бірінде жарияланған. Онда адамдардың бүтін бөтелкелерді қоқыс машинасына лақтырып жатқаны анық көрініп тұр. Желідегі жазба авторы бұл кәсіпкерлер мемлекеттен өтемақы алу үшін осындай әрекетке барды деп топшылап отыр. 

Әлеуметтік желідегі жазбаға ғана сүйеніп, шешім шығаруға келмес. Алайда тәртіпсіздік кезінде шеберханасы толық жанып кеткен Мария есімді суретші осы сәтте пайда көріп қалғысы келетіндердің болуы әбден мүмкін дейді. Айта кетсек, ғимарат толық өртенген сәтте қылқалам шеберінің барлық туындысы да күлге айналыпты.

«Шынымды айтсам, менің шеберханам да зардап шегеді деп ойламаппын. Себебі кеңсем үстінгі қабатта орналасқан. Алайда өрт 1-қабатта тұтанып, 6-қабатқа дейін жетіпті. Ондағы барлық дүние, тіпті керегелердің өзі түгел жанып кетті», – дейді суретші Мария Ильницкая.

Ал шығын көлемін есептеп жүрген Кәсіпкерлер палатасының өкілдері бірде-бір тауардың есепсіз қалмайтынын айтады. Олар мұндай адамдарды әшкерелеу үшін тұтас бір жүйе құрылғанын жеткізді. Жалпы, Алматы кәсіпкерлері мүліктік залалдың орнын толтыру үшін алдымен өтінішті infokazakhstan.kz электронды сайтына жіберуі тиіс. Кәсіпкер ұсынған құжаттар пакеті бес күнтізбелік күн ішінде қаралмақ.

«Сол себепті біздің кәсіпкерлерге айтып кетейін, ондай әрекеттерге бармағаны дұрыс. Себебі ертең бәрібір әшкереленеді. Комиссия мүшелері 3-10 күн ішінде шешім қабылдауы керек. Сол себепті ескертіп кетейін, кәсіпкерлерге пайдакүнемдікпен айналысудың қажеті жоқ. Жауапқа тартылуы мүмкін», – деді қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әскербек Насамбаев.

Жаппай тәртіпсіздік салдарынан кәсібім зардап шекті дегендер пайдакүнемдікке салынбас үшін, «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасы қазіргі таңда тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтады. Олар тауардың есеп-қисабын, кіріс-шығысын есептейтін болады.

Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров