Төтеншеліктер көпшілікті алыс жолға шықпауға шақырды
Жамбыл облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Өткен түні ауа райының қолайсыздығына байланысты автожолдардан бөлек, 20-ға жуық жүк және жолаушы тасымалдайтын пойыздардың қозғалысы тоқтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аймақта қаһарына мінген аяздың беті қайтар емес. Өткен түні температураның төмендегенінен тасжол мен теміржолдағы қозғалыс тоқтатылды. Қар құрсауынан 5 мыңға жуық адам құтқарылды. Облыс әкімінің тапсырмасымен облыста жедел штаб құрылды.
– 171 адам 76 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Жолдарда, блок-бекеттерде полиция нарядтары қойылған. ТЖМ-ның облыстық департаменті жанынан жедел көмек желісі іске қосылды. Қазіргі таңда 6 жылыту пунктінде 1883 адам келіп орналастырылды. Алғашқы көмек көрсетілді. Арнайы ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, – деді облыс әкімінің орынбасары Нұржан Кәлендеров.
Өткен түні қарлы бораннан өңірдегі шойын жолдағы қозғалыс уақытша тоқтатылды. Салдарынан вокзалдағы жолаушылар пойызын күтіп, әуре сарсаңға түсті.
– Нұрлыкент, Шымкентке барайық деп едік. Таңғы сағат 8:00-ден келіп пойызды күтіп отырмыз. Ауа райының қолайсыздығынан шығар, жылу жоқ. Отыратын жер таза емес, – деді жолаушы Озғанбай Дүзелбаев.
– Төтенше жағдайға байланысты полиция қызметкерлері халыққа көмектесумен айналысып жатыр. Пойыздарда түсіндірме жұмысын жүргізіп, жолаушыларды үйіне жеткізуге әрекет етіп жатыр, – деді Тараз стансасы желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары Нариман Алибаев
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері қолайсыз ауа райы сақталады. Мұнымен қоса, желдің екпіні де күшеймек. Төтеншеліктер көпшілікті алыс жолға шықпауға шақырды.
Жомарт Есқара, Ильдар Ғизатуллин, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: Алматы полициясы күшейтілген қызмет түріне көшірілді