Тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындардың несиесі кешіріледі

advoklad.ru
advoklad.ru
Ал зардап шеккен адамдар мен кәсіпкерлердің несиесі 3 айға шегеріледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккендердің несиесі 3 ай кейінге шегеріледі. Бұл туралы еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев айтты. Оның сөзінше, кейінге шегеру жеңілдігі барлық зардап шеккен заңды және жеке тұлғаларға төтенше жағдай енгізілген күннен бастап үш айға беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еліміздегі тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен адамдар мен кәсіпкерлердің несиесі 3 айға шегеріледі. Қарыздар мен микрокредиттер бойынша кейінге шегеру кезеңінде барлық банктер және микроқаржы ұйымдары айыппұлдың, өсімпұлдың сомасын есептемейді. Одан бөлек, кредиттерді өтеу мерзімін өткізіп алу және кейінге шегеру қарыз алушының кредиттік тарихын нашарлатуға, ол туралы кредиттік бюроға теріс ақпарат беруге негіз болмайды.

«Елімізде төтенше жағдай енгізу салдарынан көптеген кәсіпкерлер, қарапайым азаматтар коммерциялық қызметін немесе жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Осыған байланысты олардың табысы төмендеді, кәсіпкерлік субъектілеріне айтарлықтай материалдық залал келді, енді бүлінген мүлікті жөндеуге, бизнестің қалыпты режимін қайтаруға уақыт қажет. Осыған байланысты біздің агенттік Президенттің тапсырмасы бойынша дереу банктермен, микроқаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізді және барлық кредиторлар үшін қарыз бен микрокредиттерді кейінге қалдырудың бірыңғай тәртібін қабылдады», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің департамент директоры Александр Терентьев.

Бұдан бөлек, тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындардың несиесі кешіріледі. Сондай-ақ Президент тапсырмасына сәйкес, қайтыс болған әскери қызметшілерге берілетін несиелер есептен шығарылады. Ал жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккендердің тізімі әлі жасақталмаған. Қазіргі уақытта жауапты агенттік мамандары жеке тұлғалардан ешқандай өтініш түспегенін айтады. Зардап  шеккендердің қарызын кейінге қалдырудың 2 нұсқасы ұсынылып отыр. 

«Біз тәртіпсіздіктер кезінде ең көп зардап шеккен қарыз алушылар үшін өз бизнесін қалпына келтіруге ұзақ уақыт қажет болатынын түсінеміз. Сондықтан несие беруші мен қарыз алушының келісімі бойынша 3 айлық кейінге шегерудің орнына басқа ұзақмерзімді кейінге қалдыру белгіленуі мүмкін. Қарыз алушыға кейінге қалдырылған төлемдерді өтеудің екі балама тәсілін таңдау ұсынылады. Біріншісі – бұрын кейінге шегерілген төлемдерді қарыз мерзімінің соңына дейін біркелкі бөлу немесе несие бойынша қазіргі төлемдердің мөлшерін сақтау үшін қарыз мерзімін ұлғайту», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің департамент директоры Александр Терентьев.

Айта кетерлігі, егер адам тәртіпсіздік шараларына белсенді қатысып, құқық қорғау органдары мен сот оны тәртіпсіздіктерге кінәлі деп таныса, несиені кешіру оларға қолданылмайды. Қазіргі уақытта заңсыз іс-әрекеттерге қатысы жоқ жеке тұлғалар тізімдерін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен агенттік бірге пысықтап жатқан көрінеді.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров