Шырқа, Қазақстан: «Алматы» телеарнасы ұсынған мегажобаның іріктеу кезеңі аяқталды

24.06.2024 в 18:30

Онлайн-кастингке Қазақстанның 17 облысы қатысты

«Алматы» телеарнасы ұсынатын «Шырқа, Қазақстан» мега жобасының іріктеу кезеңі аяқталды. Оған 500-ден астам адамнан өтініш түскен. Музыкалық ән байқауында үздік деп танылған қатысушы 3 млн теңгенің иегері атанады. Онлайн кастингке Қазақстанның 17 облысы қатысты. Күзгі маусымда көрерменге жол тартатын талант шоу жанрындағы музыкалық жобаға 18 бен 45 жас аралығындағы үміткерлер қатысуға мүмкіндік алды.

– «Шырқа Қазақстан» –  Қазақстанның дарынды таланттарын, әншілерді жинайтын жоба. Кастинг онлайн өтті. Қазақтың қыз жігіттері ұяң болып келеді.  Бойындағы талантын, дарынын көрсетуге  ұялады. Сондықтан жасөспірімдерді онлайн іріктеу арқылы таңдаймыз деп шештік, – деді «Шырқа, Қазақстан» жобасының продюсері Ғалия Байбосынова.

Айта кетейік, тартысты додада тәлімгерлер тізімін танымал продюсер Бағым Мұхитденова бастаса, дәстүрлі жанрда Тамара Асар таланттарға бағыт бермек. Ал жас буын әншілерге Еркеш Хасен қолдау білдіреді. Үш жетекші тобына нағыз таланттарды жинайды.

– Өмірімде бірінші рет тәлімгер болайын деп жатырмын. Сондықтан бұл – мен үшін жаңалық. Ең біріншіден, жаңа есімдер күтеміз. Тек осы жобада қалмай, ары қарай үлкен сахнаға қадам басып кететін замандастарымызды күтеміз. Керемет музыка, шынайы эмоция болды деп сенеміз, – деді  «Шырқа, Қазақстан» жобасының тәлімгері Еркеш Хасен.