Сағынтаев барша алматылықтардың атынан С. Сартаевтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты
Бүгін Алматы жұртшылығы Еліміздің бас заңы - Конституцияны жасаушылардың бірі - көрнекті ғалым, заң ғылымдарының докторы Сұлтан Сартаевты ақтық сапарға шығарып салды. Қоштасу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қазақстанның Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәми, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева және тағы басқа лауазымды тұлғалар қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ғылым ордасына жиналғандар алдымен Сұлтан Сартаевтың туыстарымен көрісіп, көңіл айтты. Алғаш болып сөз алған қала басшысы Сұлтан Сартайұлының Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуына сүбелі үлес қосқанын, сондай-ақ артынан үлкен мұра қалдырып, бүгінде еліміздің өркендеуіне белсенді ат салысып жүрген талай шәкіртті тәрбиелегенін атап өтіп, еліміздің тұңғыш Президенті-Елбасының көңіл айту хатын оқып берді.
«Үнемі азаматтық айқын ұстанымын танытып, қажырлы еңбегімен еліміздің өсіп-өркендеуіне ат салысып, көптің сый құрметіне бөленді. Соңына ғылыми еңбектері мен лайықты шәкірт қалдырды. Сұлтан Сартайұлының ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталады деп сенемін. Марқұмның иманы саламат, топырағы торқа болсын. Нұрсұлтан Назарбаев», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Кезінде Сұлтан Сартаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы мәжілістерінде, елімізде Президент қызметін енгізу туралы батыл ұсыныс жасаған еді. Ол депутаттар тарапынан қолдау тауып, нәтижесінде Қазақстанда Президент қызметін тағайындау туралы заң қабылданды. Мемлекеттегі басқару жүйесіне өзгеріс енгізген арда азаматтың бақилық болуын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күйзеліспен қабылдап, марқұмның отбасына көңіл айту жедел хатын жолдаған.
«Өнегелі өмірі мен халықтың шынайы құрметіне ие болған жан еді. Осындай асыл азаматтың өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев», - деді ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат МАМИ.
Заң саласының заңғары осыдан үш жыл бұрын біздің арнаға берген сұхбатында «Тәртіпке бағынған құл болмайды», Қазақ – ықылым заманнан бері өзінің атасын, ата салтын сыйлаған халық. Сондықтан да болар Конституцияны біздің халық Ата заңымыз деп атайды. Елдің дамып өсуі – бір ғана адамның мойнында емес, барлық азаматтың міндеті» деген еді. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биык болып тұрғаны да, жұдырықтай жұмылып ел болғанымыздың арқасында, сірә.
«Әрбір азамат осы өміріміздің өрісті мәселелерін шешуді белгілі бір азаматтарға жауып қоймауы керек. Әрбір мемлекеттің азаматы мына глобализация заманы деп жатырмыз ғой. Жаһандану заманында өзінің халқы алдында жауабы сол: біз осы елдің өрісті болуын қолдаймыз», - деген болатын ҚР Еңбек сіңірген ғылым қайраткері, заң ғылымдарының докторы Сұлтан САРТАЕВ.
Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты. Осы күні Сұлтан Сартаевтың шәкірттері заң саласында жауапты қызметтерде тер төгіп келеді. Айтуларынша, арда азамат өте білімді болатын. Дәріс оқыған кезде, күрделі тақырыпты қарапайым тілмен түсіндіретін дейді. Жоғары оқу орнынан түлеп ұшқан жас мамандарға ұстаздарының берген кеңестері биік белестерді бағындыруға септігін тигізген.
«Тәуелсіздік алған кезде бізге Сұлтан Сартаевтың теориялық берген білімі көп көмектесті. Осы кісіден алған біліміміз елді дамытуға септігін тигізді. Егемендік алған тұста заңгерлер абдырап қалған жоқ па деген сауалдар көп түседі маған. Жоқ, біз, Сұлтан Сартаевтың ізбасарлары саспай, бірден іске кірісіп кеттік. Оған ұлағатты ұстазымыздың берген тәлімі жәрдемдесті», - деді ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь РОГОВ.
Сұлтан Сартаев ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, «ҚР Еңбек сіңірген ғылым қайраткері» деген көптеген наградаларға ие. Талай жастың талантын ашып, түзу жол сілтей білген тұлға көзі тірісінде өлең де жазған екен.
Өмір деген - алып күш,
Тас бұғауды бұзатын.
Басса да жерді қалың мұз,
Жарып оны шығатын.
Өмірге деген - ынталық,
Шөпке де әлсіз күш берер.
Күштілігі соншалық,
Жолында жатса, тас тесер.
Сұлтан Сартаев 13 желтоқсан күні 92 жасында өмірден озды. Қазақ жұрты бүгін қазыналы қариясын соңғы сапарға шығарып салды. Заң саласының заңғары «Кеңсай-2» қорымына жерленді.
Өмір Әнуарбек Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы