Астанадан ұша алмаған жолаушыларға билет құнының 100% қайтарылады. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан Facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
- Әлеуметтік желіде рейстердің тоқтатылуына және кешіктірілуіне байланысты өз жоспарларын өзгерткен жолаушылар билеттерінің құнын қайтару барысында әділетсіздіктің орын алғаны туралы қате ақпар жарияланып жатыр. Аталған мәселе бірден әрі толығымен жолаушылар үшін оңтайлы шешілген. Қазақстанның көлік министрлігі авиакомпанияларға ауа райына байланысты Астанадан ұшып кете алмаған жолаушыларға билеттер құнын 100% қайтаруды тапсырды. Билетті арнайы қосымшалар арқылы қайтару кезінде белгілі бір сома ұсталып қалады деп шығуы мүмкін. Өйткені әуе компаниялардың билет сатуға арналған жүйелерінің техникалық баптаулары автоматты түрде солай есептейді. Сондықтан билеттің толық құнын қайтару үшін жолаушылар авиакомпанияларға тікелей жүгінуі керек. Мұны екі әдіспен жүзеге асыруға болады: телефондарына хабарласып немесе Астана әуежайы ғимаратында орналасқан әуе тасымалдаушылардың кеңселеріне барып, билеттің толық құнын қайтарып алуға болады, - деді Жанжігіт Омархан.
Баспасөз хатшысы қайтару кезінде белгілі бір сома ұсталып қалуы мүмкін екенін ескере отырып, билеттің толық құнын қайтару үшін жолаушылар арнайы қосымшалар не сайт арқылы емес, авиакомпанияларға тікелей жүгінуі керек екенін ескертті.
Айта кетейік кешеден бері Көлік министрлігінің өкілдері Астана әуежайында жүр. Министр өз рейстерін күтіп отырған жолаушылармен сөйлесіп, жағдайды реттеу үшін жедел штаб құру бойынша тапсырма берді.
- Кеше әуе компанияларымен кеңес өткізіліп, жолаушыларды жөнелтуге және ұшу кестесін оңтайландыруға қатысты бірқатар шешім қабылданды. Нәтижесінде жағдай оңтайлы шешіліп, әуежай түннен бастап келген ұшақтарды қабылдап, қазіргі таңда қалыпты режимде ұшуды қамтамасыз етіп жатыр, - делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысының атына Жаңа жылға орай құттықтау жеделхаттары келіп түсті