Қызылорда облысының Арал ауданында шегіртке қаптай бастады. Әсіресе италиялық прус биыл 30 пайызға көбейген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шабындық пен бау-бақшаға қауіп төндірген дернәсілге қарсы күрес күшейіп, жаппай залалсыздандыру жұмыстары басталды. Зиянкестердің ошағын анықтау үшін өңірде арнайы жұмыс тобы құрылып, мониторинг жүргізілді. Биыл облыс бойынша 50 мың гектарға жуық аумақ химиялық өңдеуден өтеді. Химиялық тазалауға 9 арнайы жер агрегаты мен 3 әуе ұшағы бөлінген. Мамандардың айтуынша, егін науқанында 3264 гектар жерге шегірткеден қауіп төнсе, бүгінге дейін оның 80 пайызы залалсыздандырылды.
– ҚР АШМ-нің биылғы агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Сыр өңіріндегі 49 мың 764 гектарды өңдеу керек екенін айтты. Оның 8100 гектарын италияндық прус, 41 664 гектарын азиялық шегіртке басып кеткен. Арал ауданында италияндық прус ертерек оянып, 3 жасқа келді, – деді ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Мұхтар Оразбаев.
Азиялық шегіртке күріш алқаптарында, бау-бақша мен қамыстың арасында кездессе, италиялық прус құмды жерлерде көп. Зиянкестер күн ысыған сайын жайылымдық пен шабындықтан ылғал іздеп, көкпен қоректенеді. Сондықтан облыс аумағы толықтай химиялық өңдеуден өтпек. Биыл Арал ауданында 11 мың 710 гектарға химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Былтыр италиялық прусқа қарсы 4400 гектар залалсыздандырылса, биыл аумақ 6100 гектарға ұлғайып отыр.
Оқи отырыңыз: Ауыл аманаты: Жамбылда кооперативтер субсидия қаржысынан қағылды