Ауыл аманаты: Жамбылда кооперативтер субсидия қаржысынан қағылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Олар 800 миллион теңгеге техника алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында 800 миллион теңгеге техника алған кооперативтер субсидия қаржысынан қағылып отыр. Олар ауыл шаруашылыққа қажетті машиналарды «Ауыл аманаты» жобасымен несиеге рәсімдеген, деді Almaty.tv тілшісі.

Өңірде «Ауыл аманаты» жобасы 5 жыл бұрын басталған. 2,5 пайыз несиемен қамтитын жоба арқылы біраз қожалық тірлігін тіктеді. Шарт бойынша шаруалар кооперативке бірігеді. Одан соң сол ұжымға кез келген елде шыққан ортақ техника алады. Ал шығынның 50 пайызын мемлекет өтеп беруі тиіс. Бірақ бір апта бұрын бұл жоба өзгеріп шыға келді. Ауыл шаруашылығы министрлігі ережесіне сай, тек отандық техниканы алу керек. Бұл бұған дейін трактор мен комбайн алған 40-қа жуық кооперативке соққы болып отыр.

– 70 млн теңгеге техника алып, кепілге пәтерімді қойдым. Төлей алмасақ, баспанадан айырыламыз. Сондықтан бастапқыда айтылған 50 пайыз субсидиясын төлеуін талап етеміз, – деді кооператив төрағасы Әділхан Темірбеков.

Жуалылық Әбілнұр Ахметов та «лизингтік жоба жарға жықты» дейді. Ол былтыр 50 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, Қытайдан 4 трактор әкелген. Енді барлығын өзі төлеуге мәжбүр болып отыр.

– Неге бізге айтпай, субсидияның бәрін алып тастады? Төлемейтінін білгенде шетелдік емес, Қазақстанның техникасын сатып алар едік, – деді кооператив жетекшісі Әбілнұр Ахметов.

Ал салаға жауапты басқарма мамандарының айтуынша, бұл – министрліктің асығыс шешімі. Дегенмен жаңа ереже отандық өнімді қолдауға бағытталған. Әйтсе де жағдайды ескеріп, осы уақытқа дейін техника алған шаруалардың несиесін жеңілдету туралы бастаманы бас қалаға ұсыныс ретінде жібермек.

– Қағиданы керек емес уақытта өзгерткен. Шаруалардың, кооперативтердің басқа елден алған техникасының есебін шығарып, содан кейін өзгеріс енгізуді қарастыру керек деп ойлаймын. Олар өз алдына, біз бөлек ұсыныс жазамыз, – деді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеев.

Ауыл аманаты талабының бірден өзгеруі шаруаларға қиындық тудырып отыр. Ал жауапты тарап алдағы 2 аптада бір шешімге келмек.

Айта кетейік, былтыр өңірде ауыл шаруашылығы техникалары үшін диқандарға 1,5 млрд теңге субсидия төленген.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Қарғын су: Құлсарыда шаруа қожалықтарына өтемақы төленді

Новости партнеров