Қала тұрғындарының саны жыл сайын 50 мыңға артуда
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Президент жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша қала активінің кеңейтілген жиынын өткізді. Отырыста қоғамды толғандыратын барлық мәселелер бойынша нақты іс-шаралар жоспары жасалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұдан былай шенеуніктер тұрғындарды апта сайын қабылдап, мәселесін шешуге тырысуы тиіс. Алматылықтардың өтініштеріне назар аудармаған бірінші басшылар жеке жауапкершілікке тартылады. Тіпті қызметінен айырылуы да ғажап емес.
Президент жолдауында көтерілген мәселелерді мерзімінен кешіктірмей, тыңғылықты орындау басты назарда. Бүгін қала активі стратегиялық құжаттағы міндеттерді қалай орындайтынын жан-жақты талқылап, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қарамағындағыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Әуелі халықтың сұранысына тез жауап беретін «Еститін мемлекет» тұжырымын мықтап қолға алу. Енді аудан әкімдері бастаған шенеуніктер халыққа тәуелді болмақ. Бұдан былай Алматының басқарма мен аудан басшылары апта сайын тұрғындарды қабылдап, мәселесін тыңдайды. Бірақ шенділер шағымды жауапсыз қалдырып, халықтың көңілінен шықпаса қызметінен айрылуы да ғажап емес.
«Алматы» телеарнасынан аптасына екі рет «AKIMAT LIVE» бағдарламасы шығады. Аудан әкімдері мен басқарма басшылары тікелей эфирде тұрғындардың сауалдарына жауап беруде. Бұған қоса басқармалар мен аудан әкімдіктерінде екі аптада бір рет «Ашық есік күндері» өткізіліп жатыр. Бірақ тұрғындар басшылардың қабылдауына кіру қиын, кезек көп деп шағымдануда. Сондықтан, бұдан былай халықты қабылдауды аптасына бір рет өткіземіз. Қараусыз қалған кез-келген шағым үшін бірінші басшылар жауап береді», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Ал өз ойын еркін білдіруге шығатын азаматтарға митинг өткізу үшін қаладан қосымша тағы бір орын бөлінеді. Әкім өзінің орынбасары Ержан Бабақұмаровқа дүйсенбіге дейін бейбіт шеру ұйымдастыратын жерді анықтап, мекен-жайын халыққа хабардар етуді тапсырды. Осы ретте халық көп жиналатын жерлерге 1000 бейнебақылау камерасын орнату көзделуде. Оның 600-і осы жылы қойылса, 400-і келер жылы орнатылады. Қылмыстың ізін суытпай ашып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септік ететін құрылғылар шаһардың барлық басты объектілерін қамтиды.
«Полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін қаланың барлық аудандарында 11 фронт-офис ашылады. Мұнда келушілерге Халыққа қызмет көрсету орталығы принципі бойынша жайлы жағдайда қызметтер көрсетіледі. Төтенше жағдайлар қызметінің тиімді жұмысы үшін, әкім аппаратына келесі жылдың соңына дейін бірыңғай 112 жедел қызметін енгізуді тапсырамын. Өздеріңіз білетіндей, Алматы сел қаупі жоғары аймақта орналасқан. Биыл сел қаупін төмендету үшін Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде мониторинг жүргізетін 10 автоматтаныдырылған станцияның құрылысы басталды. Осы құрылысты жедел әрі қарқынды жүргізуді тапсырамын», – деді Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Алматы - ел экономикасының доноры. Адуынды қала адымын арттырып келеді. Қала тұрғындарының саны жыл сайын 50 мыңнан астам адамға көбеюде. Бұл шаһардың жол-көлік, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымына және барлық қызметтерге айтарлықтай ауыртпалық әкеледі. Сондықтан, «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң болуы керек делінген жолдауда. Бақытжан Сағынтаев жаңа заң жобасы қазір жасалып жатқанын және жақын күндері оны Үкіметке ұсынатынын жеткізді. Сондай-ақ мегаполис басшысы қала активін «Жаңа Алматы» бағдарламасынына ұсыныстарын енгізуге шақырды. Қала дамуына қатысты құжат қазан айында көпшіліктің талқысына түседі.
«Алматының көп нәрсені өзі шешетін шамасы бар, қайта-қайта Нұр-Сұлтанға барып, сұрағанша өзіміз-ақ шеше беретін жұмыстар бар. Соның шет жағасы кеше айтылды. Барлығын талқылап, тағы да не шешу керек, не істеу керек, ұсыныс береміз де, Алматының дәрежесін қайта қарауға мүмкіншілік бар. Қала өсті, халық көбейді. Қазір бұрынғыдай емес, білімді адамдар көп. Ғылыми зерттеу институттары бар, оқу орындары бар, барлығы Алматыда. Алматының деңгейі ерекше, басқа өңірмен салыстыруға болмайды. Сондықтан, біздің астанамыздың құзырлы органдарының барлығының бастарын қатырмай шешуімізге толық мүмкіншілік бар», – деді Алматы қаласы Мәслихатының депутаты Рахман АЛШАНОВ.
Алматы – кәсіпкерлер қаласы. Шаһарда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 185 мың. Олар ІЖӨ-нің 40%-ын, салықтың 64%-ын қамтамасыз етуде. Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлікті қолдаудың нақтылы шаралары туралы да айтты. Ең алдымен, мәдениет, туризм, көлік, логистика және ІТ-инновация салаларында кәсіпкерлікті дамытуға назар аударылады. Іскерлерді әкімшілік кедергілерден азайту мақсатында қалада «Qoldaý» кәсіпкерлік орталықтары құрылды. Мұнда барлық меморгандардың мамандары қызмет көрсетеді. Жыл соңына дейін мүмкіндігі шектеулі жандар үшін, жұмыс орындарында тәлімгерлік пен тәжірибе жинақтау орталығын ашу жоспарланған.
«Мемлекет үлкен жағдай жасап жатқан кезде кәсіпкерлердің өздерінің де жауапкершілігі болу керек. Олар «бізге мемлекет осындай жағдай жасап отыр, бізді енді салықтан да тексермейді регистрациясыз да жұмыс істей беруге болады» деп дандайсымауы керек», – деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрлан ЖАЗЫЛБЕКОВ.
Көпбалалы аналардың да кәсіпкер болуына жағдай жасалады. Алматыда «Бақытты отбасы» көпбалалы жанұяларды қолдау орталығында әйелдерді кәсіпкерлікке үйрететін «Isker Ana» бағдарламасы қолға алынды. Болашақта осындай отбасылардың оқушы балаларына көмек көрсету пысықталуда. Жоспарда оларды оқу құралдары, формамен, ыстық тамақ және медициналық қызметпен қамту, қоғамдық көлікте жол жүру шығындарын өтеу көзделуде. Ал жыл соңына дейін Алатау және Наурызбай аудандарында көпбалалы отбасылар үшін 30 үй қолданысқа беріледі. Бұдан бөлек жастарды баспанамен қамту да мықтап қолға алынған. Сарапшылар жүйелі құрылған жоспардың арқасында қала дамып, тұрғындарының әл-ауқаты арта түсетініне сенім білдірді. Әрі бағдарламалық құжатты қызу талқылап, жоғары бағалады.
Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко «Алматы» телеарнасы