Алматыда ҰҚШҰ арнайы операциясының аяқталу рәсімі өтті

13.01.2022 22:46

Бейбітшілік бітімгерлік бағытында ұжымдасқан қауіпсіздік ұйымы енді біздің елде қорғаған нысандарды еліміздің әскеріне тапсырады

Almaty.tv

Бүгін Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының “Бейбіт өмір үшін” атты арнайы операциясының аяқталу рәсімі өтті. Бейбітшілік бітімгерлік бағытында ұжымдасқан қауіпсіздік ұйымы енді біздің елде қорғаған нысандарды еліміздің әскеріне тапсырады. Қарулы күштер сап түзеген салтанатты шарада қала әкімі Бақытжан Сағынтаев та алғы сөз алып, жауынгерлерге алғысын жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бейбітшілік бітімгерлікке бастаған ұжымдық қауіпсіздік операциясы он күнге жалғасып, өзінің лайықты бағасын ала білді. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев қойған тиісті талаптар орындалып, миссия межесіне жетті. Ұжымдық қауіпсіздік ұйымы сарбаздары өздері ерлікпен қорғаған стратегиялық нысандарды біздің әскерге салтанатты түрде табыстап жатыр.

«Қазақстан елінің басынан өткен қиын-қыстау уақыт артта қалды. Еліміз мемлекет қазір Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының ұйымдасқан сәтті миссиясының арқасында қалыпты жағдайға қайта оралып келеді. Ең алдымен, осы сапта сақадай тізілген сарбаздарға алғыс білдірігім келеді. Алдағы он күндікте аталмыш әскери құрылым үйлеріне қайтпақ», – деді ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась.

Даңқты қолбасшы Сағадат сардар атындағы әскери мекемеде сап түзеген сарбаздар бүгін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының арнайы операциясының аяқталуына орай салтанатты марш өткізді. Сайдың тасындай қатар тізілген Ресей, Армения, Беларусь сынды елдердің сарбаздары бітімгерлік миссиясын аяқтап, операция тізгінін біздің қарулы күштік құрылымға табыстап жатыр.

Бүгінде қала қауіпсіздігі қалпына келді деген қала әкімі бұл бастаманы о баста қолдағанын жеткізіп отыр.

«Ел президенті Қасым Жомарт Тоқаев қалыптасқан жағдайды ескере отырып, саналы түрде Ұжымдық қауіпсіздік ұйымының көмегіне жүгінуді жөн санап, шұғыл шаралар қабылдады. Соның арқасында елімізге төнген қатер сейіліп, оң нәтижесін беріп жатыр. Өз тарапымнан әр елдің сарбаздарына сенімді ақтап, қала тұрғындарының тыныштығын қорғағаны үшін қала жұртының атынан рахмет айтамын», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Бастамасын 1992 жылғы 15 мамырдағы қаулыға сәйкес 2002 жылы алған Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Орта Азия мен ТМД елдер арасындағы ең қуатты әскери құрылым бағасына ие болған. Ал дәл осы ұйымның қуатын арттыру мақсатында 2015 жылы Қазақстанның бастамасымен әуе күштері де құрылды.

Он күндік операцияны орындап, Қазақстан Республикасының Қорғаныс минстрілігі атынан марапаттарға ие болған жауынгерлер бүгінгі күннен бастап өз елдеріне қайтатын болады. Террорлық тойтарыстарға қарсы күш жұмылдырған қарулы күштер Ұжымдық қауіпсіздік ұйымы алдағы уақытта да өзара оқу-жаттығу шаралырын өткізуді жоспарлап отыр. Межесіне жеткен миссияға мұрындық болған Мемлекет басшысы өз кезегінде сенімнің ақталып, қауіпсіздіктің сақталғанын қуана жеткізді.

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, Ялкунжан Әшімжанов, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» теларнасы