Заманауи, қауіпсіз жасалған өнімдер көпшілікке ұсынылды
Алматыда II халықаралық Lift Expo Kazakhstan – 2024 көрмесі басталды. Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтіп жатқан іс-шараға Қытай, Түркия, Ресей сынды елдердің өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үш күнге созылатын көрмеге жеделсатылар, эскалатор, көтеру механизмдері қойылған. Заманауи, қауіпсіз жасалған өнімдер көпшілікке ұсынылды. Мұнда жеделсаты ішінде болатын оқыс оқиғалардың алдын алу, адам өміріне қауіп төндірмеу жолдарына да баса назар аударылған. Қазақстан ұлттық лифтшілер қауымдастығының президенті мұндай іс-шараларды жиі өткізу жоспарда бар деді.
– Іс-шараға біраз елден қонақтар келді. Мамандар тәжірибе алмасады. Қытайлық тест орталығымен меморандум қол қойылды. Үш күнге созылатын көрмені кез келген қала тұрғыны келіп, тамашалай алады, – деді Қазақстан ұлттық лифтшілер қауымдастығының президенті Ержан Игібаев.
Оқи отырыңыз: Алматыға келетін шетелдік туристер саны артып келеді