Елордада «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заман сын-қатерлері» атты IV Халықаралық ғылыми-діни конференциясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Ұлы Жібек жолы елдерінің рухани картасын жасауды ұсынды, деп жазды Бақ.кз.
Ұлы Жібек жолы тек сауда мен экономиканың, өркениет пен мәдеинеттің орталығы ғана емес, түрлі діндердің таралу аймағы болғаны тарихтан белгілі. Бас Мүфти ата дініміздің Жібек жолы бойындағы көптеген қалаларда терең тарала бастағанын айрықша атап өтті.
«Тарихи деректерде Ислам дінінің будда, христиан діндерін, зороастризмді ығыстырып, ысырып, қанатын кеңге жайғаны айтылады. 853 жылы Тараз бен Мерке шаһарында өзге діннің (христианның) ғибадатханасы (шіркеуі) мешітке айналғаны жайлы сенімді мәліметтер кездеседі. Тарихи қалаларда үлкен мешіттердің салыну себептері Ислам дінін ұстанатын халық санының көбеюімен түсіндіріледі. Біз, дін қызметкерлері, тарихшы-ғалымдар, зиялы қауым өкілдері тарихымыздың осынау сәулелі сәттерін ұрпаққа жан-жақты насихаттай бергеніміз абзал», - деді Серікбай қажы Ораз.
Сондай-ақ, ол Ұлы Жібек жолы елдерінің рухани картасын жасауды ұсынды.
«Өткенсіз болашақ жоқ. Біз өткеннен өнеге алған халықпыз. Осы ретте әріптестеріме Ұлы Жібек жолы елдерінің рухани картасын жасауды ұсынамын. Рухани карта өскелең ұрпақтың тарих пен руханият саласына қатысты сұрақтарына жауап беретін бейнебір бағдаршам, шамшырақ болуы тиіс. Тарихынан тағылым алған, ал тарихи тұлғалардан тәлім көрген ұрпақ діні мен дәстүрін үйлестіріп, өнегелі өмір сабақтастығын қалыптастырмақ. Бұл бастама тарихшы ғалымдар мен дін ғұламаларының Жібек жолы тарихын ғибраттың көзімен қайта зерттеуін қажет етеді. Бұл жұмысты жүйелі жүзеге асыру үшін Жібек жолы елдерінің Діни басқармалары арасында «Дін және өркениет» жобасын қолға алудың маңызы үлкен. Аталған жобалар мен ұсыныстарды талқылау үшін арнайы бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынамын», - деді Бас мүфти.