Спортшы айнасының ақысы ретінде 465 мың теңге өндіріп алып, жазаны судьяның қарауына қалдырған
Алматыда жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің көлігінің айнасын ұрлаған адам тек шартты түрде жаза арқалады. Сот оны 4 жылға бостандығынан шектеп, сот залынан босатып жіберді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Мен өз кінәмді толығымен мойындаймын, болған жайтқа шынымен де өкінемін. Бір ғана өтінішім, бас бостандығымнан айырмаңыздаршы. Өтінем, кешіріңіздерші мені, бұдан былай енді ешқашан мұндай іске бармаймын. Бұл – менің өмірдегі ең үлкен қателігім. Кешіріңіздерші мені, өтінемін» – деді айыпталушы сот залында.
Сотталушы соңғы сөзінде осылай өткен ісіне өкініш білдіріп, бас бостандығынан айырмауды жалбарына сұраған еді. Тіпті айна ұрлығына тұрмыстың тауқыметін тартып, ақша таппай қиналғандықтан барғанын айтқан. Бұл сөздер судьяның жүрегін жібіткен сыңайлы. 33 жастағы Айдос Валиевке барынша жеңіл жаза тағайындады. Екі адамның қымбат көлігінен айналарды шешіп әкетіп, оңай олжаға батқан оған тек шартты түрде жаза арқалатты.
«Валиев Айдос Болатұлы кінәлі деп танылып, 4 жыл бостандығы шектелсін. Ол сот залынан босатылып, жазасын шартты түрде өтесін. Осы мерзім аралығында үнемі пробациялық бақылаудан өтуі қажет. Сот оның бұрын сотталмағанын, кінәсін толық мойындап кешірім сұрағанына және кәрі ата-анасының барын есепке алады», – деді Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы Кәмшат САУРОВА.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Бірақ Судья Валиевке қатаң жаза қолданатындай мән-жайлардың жоқтығын алға тартты. Тіпті оның қос жәбірленушінің шығынындарын бір тиынына дейін қалдырмай өтеп бергенін айтты. Ал түрмеге қамалмайтынына қуанған сотталушы көз жасына ерік берді. Соңғы сөзінде мұндай қылмысқа ендігәрі бармаймын деп уәде берген ол, бостандыққа шыққанша асықты.
Ал Олимпиада чемпионының өзі сотта төбе көрсетпеді. Дмитрий Баландин сотталушыдан айнасының ақысы ретінде 465 мың теңге өндіріп алғанын айтып, жазаны судьяның қарауына қалдыратыны туралы xат жолдапты.
Естеріңізге сала кетсек, 30 наурызда Денис Тенді өлтіріп кеткен аумаққа жақын жерде Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің Тайота Лэнд Крузер көлігінің айнасын белгісіз біреу ұрлап кеткен болатын. Бұл сәт тіпті видеоға түсіп қалған еді. Көп ұзамай күдіктінің дәл сол түні Range Rover маркалы автокөліктің де айнасын ұрлағаны анықталған. Осылайша екі көліктің айнасын қолды қылған Айдос Валиев бостандыққа шықты.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев «Алматы» телеарнасы