Алматылық жастар қоныс тойын тойлады

14.12.2019 18:40

Жыл соңына дейін тағы 801 пәтерге конкурс жарияланады

almaty.gov.kz

Бақытжан Сағынтаев жұмыс істейтін жастарға пәтер кілтін табыстады. Алғашқы іріктеу нәтижесі бойынша Алатау ауданы «Көкқайнар» ықшамауданындағы жастардан барлығы 1244 өтініш келіп түскен. Осы жылдың 30 қазаны мен 12 қарашасы аралығында құжаттар қабылданып, соның ішінде балдық жүйемен 249 үміткер анықталыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала әкімі  атап өткендей, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Жастар жылы» аясында жұмыс істейтін жастарға тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз жалға беру бағдарламасы әзірленген. Шаһар басшысы қала әкімшілігі  және үкімет тарапынан жастарға деген қамқорлық жалғаса беретінін атап өтті.  

«Бұл бағдарлама Елбасының тапсырмасына сәйкес, алдағы екі жылда тағы да жалғасын табады. Биыл 1050 пәтер, келесі жылы - 1050, үшінші жылы тағы да 1050 пәтер беріледі. Сонда осы бағдарламаның аясында 3 мыңнан астам жастарымыз баспаналы болады», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Аталған бағдарлама пәтерді жеңілдетілген бағамен 5 жылға жалға алуға және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін қаражат салуға мүмкіндік береді. 1 бөлмелі пәтерге ай сайынғы жалдау ақысы 4380 тг құрайды. Пәтер кілтіне ие болғандардың дені – көп балалы отбасылар, білім беру, денсаулық сақтау қызметкерлері және құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

«Бұл бағдарлама біздің пәтер жалдауға кететін қаражатымызды депозитке салып, соған үй алуға ақша жинауға мүмкіндік беріп отыр», - деді Мәдина БЕРМҰРАТОВА.

«Қараша айында құжат тапсырып, бүгін міне пәтер кілтін алып жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Бағдарламаны өте жақсы ұйымдастырған. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймыз», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданы № 12 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Мейірбек КРАТОВ.

Айта кетейік, жыл соңына дейін тағы 801 пәтерге конкурс жарияланады. Осылайша, 1050 жас отбасын жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.