Білім саласына енгізілетін өзгерістер қуантты – Кенжехан Матыжанов

26.06.2021 18:40

Б. Сағынтаев мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Алматы агломерациясының 4 пилоттық жобасын іске асыру басталғанын жеткізді

inform.kz

25 маусымда ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен «Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов білім саласына енгізілетін өзгерістер оны қуантқанын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Алматы қаласы – алып мегаполис және бүкіл ел экономикасының локомотиві саналады. Қаланың алдына қойған мақсаты қаланың орталығы үшін ғана емес, бүкіл шаһар үшін де өзекті екенін мойындаймыз. Қала орталығы мен қала маңындағы өңірлер де тығыз байланысты. Бақытжан Сағынтаев мемлекет басшысы Қасым­-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Алматы агломерациясының 4 пилоттық жобасын іске асыру басталғанын жеткізді. Қателеспесем, оларға экологиялық жағдайды жақсарту, көлік жүйесін дамыту және көлік моделін әзірлеу және Төтенше жағдай тәуекелдерін азайту мен Шағын және орта бизнесті дамыту кіреді. Бұларды қай жағынан алып қарамаңыз, әр қайсысының өз маңыздылығы бар әрі оның бәрі қаланы дамыту үшін керек.

Дәл қазір коронавирус кезеңінің барлық қиындығына қарамастан, қалада тұрақты әлеуметтік­-экономикалық жағдайдың қамтамасыз етілуі маңызды. Бұл туралы қала әкімі нақты айтып өтті.  Әлеуметтік саясат, ең алдымен, халықтың осал топтарын қолдауға бағытталған. Сондай­-ақ, ол қала билігі қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға бел буғанын алға тартты. Әрине, бұл ретте қала тұрғындарының пікірі ескеріледі. Өйткені, Алматы кәрі мен жастың есінде әртүрлі сақталған. Үлкен кісілер үшін шаһардың өткені құнды.

Білім саласына енгізілетін өзгерістер де қуантты. Қаламызда халықаралық дәрежедегі оқу орындарын ашамыз дегені де жақсы жаңалық. Себебі жастарымыз сапалы білім іздеп шетел аспайтын болды. Айналып келгенде, мұның барлығы қала тұрғындарының әл-ауқатының артып, ұлттық мәдениетінің марқаюына  түп-тиянақ болады деп сенеміз», – деді ол.