Қазақ елі Әбдіжәміл Нұрпейісовті соңғы сапарға шығарып салды

Қазақ елі Әбдіжәміл  Нұрпейісовті соңғы сапарға шығарып салды
Жазушы Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы жұртшылығы аса көрнекті қаламгер, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовті соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Қоштасу рәсімі Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтті. 

Жазушыны соңғы сапарға шығарып салуға жиналған қауымға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айту жеделхатын оқып берді.

«Аса көрнекті қаламгер, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, ҰлыОтан соғысының ардагері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Әбдіжәміл Кәрімұлы – сұрапыл соғысты бастан кешіп, елге оралғансоң, қазақ әдебиетін өркендетуге сүбелі үлес қосты.

Ұзақ жылғы шығармашылық қызметі жемісті болды. «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғыпарыз» дилогиясы сияқты туындылары сыншылармен оқырмандар тарапынан жоғары баға алды. Заман жүгін көтергенромандары әлемнің көптеген тілдеріне аударылды.

Әбдіжәміл Кәрімұлының жаңа белесті бағындырған қазақ әдебиетіншетелге танытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Ол ұлт руханиятының көшбасшысы болды.

Әбдіжәміл Нұрпейісов адам жанын терең түсінетін, түрлі тағдырдың бейнесін көркем суреттей отырып оқырманға жеткізген ойлы, кеңтынысты жазушы болатын. Өмір бойы қолынан қаламы түскен жоқ. Қазақ елінің рухани-мәдени саласын дамыту жолында өлшеусіз қызмет атқарды.

Ол ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қуатты қаламгер. Солайша, өзі де қазақ әдебиетінің патриархына айналды.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің соңында ұрпаққа үлгі, ұлысқа игілік болатын шығармалары қалды. Елге ес, сыртқа сес болған жазушының енді екінші өмірі басталды.
Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды.

Халқымыз есімін әрдайым ардақ тұтады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», - делінген көңіл айту жеделхатында.


Қаралы жиында Иманғали Тасмағамбетов, Бақытжан Сағынтаев сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. 

«Аса көрнекті қаламгердің қазасы елдің жүрегі жаралады. Өйткені Әбдіжәміл қазақтың қаны мен тері ғана емес, қазақтың жаны мен ары еді. Ұлт руханиятының алтын дәуірі еді. Бүгінгі жоқтаудың қасіреті де, міне, осында. Десе де, өкінішке жұбаныш деген. Кеудесіне нұры төгілген, асылдың жанары өшсе де, жақсы істері өшпейді. Әбеңнің жасаған ғасырының әр күні де рас, әрбір сәті тағылым. Қан майданда қару ұстап, елін қорғаса, бейбіт күнде қалам ұстап, ұлтының рухын шыңдады.

«Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы сынды озық туындылары – ұлттық әдебиет үшін ғана емес, әлем әдебиеті үшінде баға жетпес рухани мұра.  Мәңгі тозбас қазына болып қалары анық.  Ел есінде де осындай, халқын шексіз  сүйген ақжүрек жүзі мен өмірдегі азаматтық ізі қалды. Содан болар, осы күні Әбеңнің әулетімен, аманатын арқалаған барша қауымға жан-жақтан қайыр болсын айтылып, қайғы бөлісіп жатыр», -  деп сөз сөйледі Иманғали Тасмағамбетов.

Сондай-ақ қаңтар дүрбелеңінен соң қызметінен кеткен Қырымбек Көшербаев та ел алдына шықты.

«Әбең – тектілердің тұяғы. Ата-бабалары ту ұстаған батыр, сөз ұстаған би болған. Сондықтан қасиетті тіліміз бен жерімізді даулағанда аузы дуалы ақсақал данагөй қария алға шыққан жоқ па? Ұлы Абай жолымен кертарпалықты, тоғышарлықты, пысықай, әлеуметтік әумесерлікті, даңғойлық пен даңғазалықты сынап, азаттықты қызғыштай қорғаған Әбеңнің еңбегін қалай ұмытамыз?!» - деді Қырымбек Көшербаев.

Қазақ елінің абызы атанып кеткен қаламгерді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өткеннен кейін Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Facebook-парақшасында аталған іс-шараға қатысты жазба жариялады. 

«Соңғы үш күнде барша Алаш өз Әбесін жоқтап жатыр. Бүгін Алтай мен Атыраудың, Қаратау мен Алатаудың, Сыр мен қырдың арасынан жиналған қалың жұрт абыз ақсақалымызды мәңгілік мекеніне жайғастырып, соңғы парызын өтеді.

Әбенің өміріне тұтас бір ғасыр сыйып кететін. Сондықтан бүгін біз Әбеңмен ғана емес, тұтас бір дәуірмен қоштастық. Қазақ қоғамының ғасырлық куәгерін, ұлт әдебиетінің шежіресін бақиға аттандырдық.

Әбдіжәміл Нұрпейісов тік сөйлеп, тура кессе де, елдікке, мемлекетшілдікке қызмет етті. Ол осы өмірден өтіп бара жатып та бізді бірлікке шақырғандай. Өйткені Қазақстанның әр түкпіріндегі қарапайым азаматтардан бастап, ел алдында жүрген қайраткерлерге дейін Әбдіжәміл ағамызды соңғы сапарға шығарып салу рәсімін ауызбіршілікпен атқарды. Елдігіміз көрінген, бірлігіміз танылған іс болды.

Қош болыңыз, абыз аға! Жатқан жеріңіз жарық, жайыңыз жұмақ болсын!», - деді Ерлан Қарин.

Айта кетсек, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов 5 қаңтар күні 98 жасқа қараған шағында дүние салды.

 


Новости партнеров