|
11.01.2024 | 13:42
1590

Кәсіпкерлікті тексеруге енгізілген мораторий мерзімі аяқталды

Былтыр салық есебін дұрыс өткізбеген 16 мыңнан астам іс қаралған

Кәсіпкерлікті тексеруге енгізілген мораторий мерзімі аяқталды Almaty.tv

Жаңа жылдан бастап кәсіпкерлерді негізсіз тексеруге жарияланған мораторий мерзімі аяқталды. Енді шағын және орта бизнес өкілдері қауіпсіздік талаптарын сақтамаса, салынатын айыппұл да көбейеді. Мұнымен қоса, тұтынушыдан шағым түсе қалса, заңмен шара қолдану тәртібі де өзгертілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нұрсұлтан Байешов 2 жылдан бері бизнеспен айналысып жүр. Бұған дейін ол жалдамалы жұмысшы болып істеген. Кәсіптің қыр-сырына қаныққан соң, жеке іс бастауға ниеттеніпті. Қазір шағын мейрамханасы бар. Алдағы уақытта істің көзін тауып, әрі қарай дамытуды қалайды.

– Екі жыл кәсіпкерлікпен айналыстым. Мемлекет тарапынан кедергі болған жоқ. Көретін болсақ та, дұрыстаймыз деп ойлаймын. Негізсіз тексеріс жасай бермей,  ескерту жасалса, дұрыс болар еді. Дұрыс-қателігін келесі жолы келгенде біліп, дайын отырасың, – деді кәсіпкер Нұрсұлтан Байешов.

Енді жоспарлы тексерулер болмайды. Ол профилактикалық тексерулермен ауыстырылды. Бұл шара құзырлы органдардың есептеуімен кемінде жылына 2 рет өткізіледі. 4 жылдан бері өз ісін кедергісіз жүргізіп келген бизнес өкілдерінің өзіне жауапкершілік жүктеліп отыр. Қызметін ашық әрі заңды көрсету талап етіледі. Фискалдық чек бермеу, тауар бағасын көрсетпеу сынды түрлі қулықтың жолы кесіледі. Ескертуді елемеген жағдайда 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды.

– Кәсіпкер чек бермесе, ол жерде 40 АЕК саналады, демек 147 мың теңге айыппұл салынады. Кәсіпкер саудасын жасағанда немесе қызмет көрсеткенде чек бермесе айыппұл салынады, – деді ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті салықтық аудит басқармасының басшысы Айдос Мұхамеджанов.

Кәсіпкерлердің қызметін жасырып, көлеңкелі табысты көздеген жағдай жиі кездеседі. Ресми дерекке сүйенсек, өткен жылы шот-фактураларды жазу тәртібін бұзуға қатысты 3000-нан астам дерек тіркелген. Ал салық есебін дұрыс өткізбеген 16 мыңнан астам іс қаралған.

Мораторий аяқталғанымен, биылдан бастап бизнесті тексеру талаптары да 2 есе азайтылып отыр. Яғни кәсіпке кедергі келтіретін қауіп барынша қысқартылған. Демек кәсіпкерге жауапкершілік артылады. Өз ісін заңды әрі адал атқарса, негізсіз тексеріске кезікпесі анық.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда жұмыссыздық деңгейі төмендеді

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир