Қызылордада күріштің жаңа сорты пайда болды

07.12.2023 18:42

Биыл өңірде су тапшылығына қарамастан 500 мың тоннадан астам күріш жиналды

Almaty.tv

Қызылордада күріштің көп өнім беретін жаңа сорттары шыға бастады. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ғылым академиясымен агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми және инновациялық дамыту саласындағы ынтымақтастық келісіміне қол қойылғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ғалымдар бірнеше жаңа сұрыпты сынақтан өткізіп жатыр екен. Келесі жылы да осындай өнім берсе, 2025 жылдан бастап жаңа сорттар қолданысқа енеді.

– Аймақта күріштің, өзге де дақылдардың жаңа сортын шығарып, өнім сапасын арттыру үшін Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының қызметіне басымдық беріледі. Жақында Ауыл шаруашылығы ғылым академиясымен агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми және инновациялық дамыту саласындағы ынтымақтастық келісіміне қол қойылды. Өнімділігі жоғары, өсу мерзімі қысқа күріштің жаңа сортын өндіріске енгізудеміз, – деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Сонымен қатар, Нұрлыбек Нәлібаев биыл өңірде су тапшылығына қарамастан 500 мың тоннадан астам күріш жиналды деп отыр. Егін науқаны аяқталғанда әр гектардан 56,5 центнерден өнім алынған.

– Су тапшылығына қарамастан күріш өнімділігі өткен жылмен бірдей болды. Облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы экспорттық әлеуеті артып, өткізу нарығы кеңеюде. Соңғы 2 жылда құны 84 млн АҚШ доллары болатын ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Экспортталған өнімнің 96% өңделген, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Оқи отырыңыз: Ақтау тұрғындары жер сілкінісін сезді

Теги: күріш әкім