Бас қалада қауіпсіздік шарасы күшейтіледі

28.06.2024 18:43

Астанадағы стратегиялық нысандар мен мешіт, шіркеулер қатаң бақылауға алынады

Аkorda.kz

Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Шаһардағы стратегиялық нысандар мен мешіт, шіркеулер қатаң бақылауға алынады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 3-4 шілдеде елордада 8 мыңға жуық полицей қызметке жұмылдырылады. Қала көшелерінде қатынауға шектеу енгізілетіндіктен, тұрғындарға қоғамдық көлікпен жүру қолайсыздық тудыруы мүмкін. Автобустың бірнеше бағыты уақытша өзгереді.

- Қауіпсіздік шараларын әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасап жатырмыз. Алаңдауға негіз жоқ. Қаланы тұтастай ешкім жаппайды. Саммитке дейін дайындық шаралары жүргізіліп жатыр. Ол арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ Қарулы Күштердің, оның ішінде әскери авиацияның ресурстарын пайдалану арқылы жүргізіледі, - дейді ҚР ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.

Оқи отырыңыз: Астана күнінде қазақстандықтар қалай демалады