Қазақстанның батыс облыстарын дамытуға 1,7 трлн теңге бөлінеді

25.01.2022 18:43

Еліміздің Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан өңірлерін кешенді дамыту жоспары таныстырылды

Фото: primeminister.kz

Еліміздің батыс өңірін дамытуға 1,7 трлн теңге бөлінеді. Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан өңірлерін кешенді дамыту жоспарын таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аталған жоспар аясында жаңартылатын энергия көздерін дамыту, цемент өндіру зауытын, титан-цирконий кендерін қайта өңдеу жөніндегі тау-кен байыту кешенін салу және тағы басқа ірі жобаларды іске асыру көзделуде. Шетелдік инвесторларды тарта отырып, ерекше индустриялық аймақ құрылатын болады.

Сонымен қатар 1300 шақырымнан астам автомобиль жолы жаңғыртылады.

«Денсаулық сақтау және білім беру жүйелері қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қазіргі заманғы инфрақұрылым құрылатын болады. 18 ауылда денсаулық сақтау нысандары салынады. 224 мектеп жаңғыртылып, оңалту орталығы салынады. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында колледж студенттері үшін екі жатақхана салу жоспарланып жатыр», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.