Кейбір улы заттардың мөлшері 60 есеге азайған
Төтенше жағдай кезінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласының ауасы біршама тазарды. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, карантин кезінде ведомство күнделікті Қазақстан қалаларының экологиялық жағдайына сараптама жүргізген. Бұдан бөлек ол Жаңа экологиялық Кодекс жобасымен таныстырды. Бұл жаңа норма өнеркәсіп орындарына үздік қолжетімді технологияларға көшуге мүмкіндік береді. Алайда көптеген кәсіпорындардың шығындалуын талап етеді. Осылайша елдегі экология мәселесі шешіледі деп көзделген. Бұл механизм 2025 жылдан бастап қоршаған ортаға көп қалдықтар шығаратын ең ірі 50 кәсіпорындарда енгізілмек. Айта кетейік, коронавирус пандемиясына байланысты тау-кен және металлургиялық кәсіпорындар Қауымдастығы, заң жобасын қарау уақытын кейінге қалдыруды сұраған болатын. Вице-министр бұл жұмысты тоқтата алмайтындарын, жаңа заң жобасының аса маңыздылығын атап өтті.
«Экологияға байланысты мәселелер әрдайым өзекті. Бұл ретте ТЖ режимі де ерекше кезең екенін түсінеміз. Алайда қазіргі уақытта ірі өнеркәсіптік қауымдастықтар коронавирус пандемиясының алдағы ықтимал салдарына байланысты жаңа экологиялық кодексті қарау және қабылдау мерзімін ауыстыру туралы мәселені көтеруде. Қазір барлығы күрделі, біз мұны түсінеміз және Экологиялық кодекс мағынасы мен оны іске асыру мерзімі бүгінгі жағдайды ушықтырмайтынын айтым келеді», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ахметжан ПІРІМҚҰЛОВ.
Сонымен қатар Сардоба су қоймасына қатысты Қазақстан мен Өзбекстан мемлекетінің Экология министрлері халықаралық және қазақстандық сарапшылардың қатысуымен техникалық аудит жүргізу туралы мәмілеге келгенін мәлімдеді. Оның қортындысы бойынша аталған құрылыстың тағдыры шешілмек.