Сенат көп балалы аналарға арналған жаңа жәрдемақы түрін бекітті

30.04.2020 18:43

Сонымен қатар, заң жобасында террористік іс-қимылдар кезінде зардап шеккен балаларға заңнамалық деңгейде қолдау көрсету мәселесі қарастырылған

Фото : express-k.kz

Сенат депутаттары жалпы отырыста ана мен баланы қорғау туралы заңға түзетулер енгізу арқылы көп балалы отбасыларға берілетін жаңа жеңілдіктерді мақұлдады, деп хабарлайды zakon.kz.

"Бұл заң жобасын Мәжіліс пен Сенат депутаттары бастамасымен әзірленді. Заң жобасы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ көп балалы аналарға қолдау көрсетуге арналған. Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға 42 мыңнан 74 мың теңгеге дейінгі аралықты қамтитын жекелей жәрдемақы тағайындау жайы енгізілген. Алалауды болдырмау мақсатында заң жобасында сегіз және одан да көп балаға 4 АЕК немесе әрбір кейінгі балаға 10 604 теңге мөлшерінде жәрдемақы белгілеу ұсынылады. Мұндай жәрдемақының мөлшері 84 мың теңгені құрайды, ал 10 балаға – 106 мың теңге, сонымен қатар одан кейінгі әр балаға 4 АЕК мөлшерінде жәрдемақы тағайындалады", – деді Мәжіліс депутаты Айгүл Нуркина.

Сонымен қатар, заң жобасында террористік іс-қимылдар кезінде зардап шеккен балаларға заңнамалық деңгейде қолдау көрсету мәселесі қарастырылған. Бүгінгі таңда соғыс ошағы бар аймақтардан 447 бала мен 164 әйел оралды. Оларды әлеуметтік тұрғыда оңалтуды ҚР Білім және ғылым министрлігі өз жауапкершілігіне алған.