Күні кеше Екібастұзда ата-анасы бола тұра аш қалған төрт баланың табылғаны туралы ақпарат тарады. Бүгін бұл бүлдіршіндердің тағы бір туысы – бір жасар баланың да адам төзгісіз жағдайда тұрып жатқаны белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik сайтына сілтеме жасап.
Кеше Екібастұзда волонтерлер, полиция қызметкерлері мен қамқоршылық органдары аш қалған төрт баланы анықтады. Берекесіз отбасы туралы полицияға көршілері хабарлаған.
Көрсетілген мекенжайға келген тиісті орган өкілдері жеті, бес, төрт және үш жастағы балалардың ауырып жатқанын анықтады. Олардың бірінің іші үлкейіп кетсе, бірі екі күннен бері құсып жатқаны белгілі болды. Үйде тамақ болмауына байланысты балалар үш күннен бері нәр татпаған. Тіпті балалардың бәрінің киімі, аяқ киімі болмаған.
Волонтерлер үйдегі бар киімді кигізіп, жедел жрдем шақырғаннан кейін балалар анасымен бірге шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Облыстық балалар ауруханасына жатқызылған қыз баладан коронавирус, қалған үш ұлдан пневмония анықталды.
Балалар дұрыс тамақтанбаған, далаға шықпаған және Маугли секілді адамдардан қорқып өскен. Аналарының айтуынша, олардың жағдайы нашарлап, бір жыл бұрын жүре алмай қалған.
Маугли-балалардың анасы 1994 жылы туған, ал әкесі "Богатырь Көмір" ЖШС көмір өндіруші кәсіпорынның мердігер мекемелерінің бірінде жұмыс істейді. Отбасы үнемі көшіп-қонып жүрген.
"Қазір басты мәселе – балалардың денсаулығы. Анасы балалармен бірге, олар анасының қамқорлығына, күтіп-қарауына зәру. Балалар қалай мұндай күйге түскенін анықтағаннан кейін әке-шешесін ата-ана құқығынан айыру туралы мәселе көтереміз", - деді Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Мәриям Мәлікова.
Әкімдік балалардың анасы ішімдікке салынбағанын және есепте тұрмайтынын хабарлады.
Осы оқиғадан кейін волонтерлер павлодарлықтардан берекесіз отбасылар туралы хабарлауды сұраған. Ақпарат тарағаннан кейін көп кешіктірмей-ақ өңірдегі ауылдардың бірінде ішімдікке салынған әйел бір жастағы баласын спиртті ішімдікті тұрақты тұтынатын өз ата-анасымен бірге жиі қалдыратыны туралы хабар түсті. Сондай-ақ бұл отбасы жоғарыда аталған Маугли-балалардың туысы болып шықты.
"Бір жастағы баланың анасы үлкен балаларына қатысты ата-ана құқығынан айырылған. Ол Екібастұздағы Маугли-балалардың анасының туған әпкесі екені анықталды", - деп хабарлады волонтерлер.
Олар тез арада қамқоршылық органдарымен хабарласып, жедел топ тиісті мекенжайға жетті. Бір жастағы бала ауруханаға, оның анасы полиция учаскесіне жеткізілді. Волонтерлер жедел әрекет еткені үшін павлодарық полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.