|
10.12.2019 | 20:09
4756

2020 жылы шәкіртақы көлемі 25 пайызға ұлғаяды

"Жастар жылында" 70 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылған

2020 жылы шәкіртақы көлемі 25 пайызға ұлғаяды

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастар жылының» салтанатты түрде жабылу рәсімінде айтты. Ерікті студенттерге ерекше қолдау танытылып, оқуда бірқатар жеңілдіктер мен қамқорлық жасалады. Сонымен қатар алдағы жылдары 9000 жас азаматты жалға берілетін пәтермен қамту көзделген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

«Жастар жылы» өз мәресіне жетті. Бірақ ел ертеңі жас буынға деген қолдау осымен шектелмейді. Салтанатты жиында осылай деген мемлекет басшысы жастардың көңіліндегі үміт отын маздатты. Демек, игі бастамалар жалғасатын болады. Ал, биыл атқарылған іс-шараларға тоқталатын болсақ, жастарды жан-жақты қолдау мақсатында «Жол картасы» әзірленді. Оның аясында 20 мың жас кәсіпкерлік негіздерін меңгерген.

«Биыл 5 мың азамат мемлекеттен грант алып, жас кәсіпкер атанды. Алдағы үш жыл ішінде олардың саны 30 мыңға дейін көбейеді. Осыған орай, республикалық бюджеттен қосымша 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлеміз. Бұдан бөлек, 10 мың жас шағын несиенің арқасында өз өндірісін кеңейтті. Соның басым көпшілігі ауыл және аудан тұрғындарына арналды», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Әрине, жастар үшін ең басты қажеттілік – білім алу, жұмыспен қамтылу және баспаналы болу. Үкімет те осы үш маңызды мәселені 12 ай ішінде шешуге тырысты. Толық түйінін тарқатты деп айту қиын. Дегенмен, өміршең жобалар мен бағдарламалар жүзеге аса бастады. Соның ішінде жылдың айтулы жаңалығы - жұмысшы жастар үшін 3 мегополисте жалға берілетін баспанамен қамту бағдарламасы бастау алды.

«Мемлекеттің қамқорлығына бөленіп, жалға пәтер алу бақытына қол жеткіздім. 14 жасымда інім екеуіміз ата-анамыздан айырылып, жақындарымыздың қамқорлығына мұқтаж болдық. Ел іші бауырына басып, 2010 жылы Алматы қаласына келіп, Энергетика және электронды технология колледжіне жылу энергетика мамандығы бойынша  білім алдым. Мемлекет тарапынан мүмкіндік бәріне бірдей. Оған жету үшін өзіңнің талабың мен білімің болуы қажет», - деді жұмысшы Бағдат АХМЕТЖАНОВ.  

«Жастар жылы» аясында «Жас маман», «Жас кәсіпкер» бағдарламалары бойынша 200 мың маман даярлануы тиіс деген тапсырма қойылған болатын. Аталған жобалар аясында мемлекеттік қолдау шараларымен 209 мыңнан астам жас қамтылған. Оның ішінде 170 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылыпты. Дегенмен жоғары оқу орны түлектерінің 60 пайызы мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды екен. Президент бұл университеттердің білім сапасының төмендігінің дәлел деді.

«Елбасының әр аймақта ең құрығанда бір мықты жоғары оқу орны мен 2 колледж құру идеясы көптеген мәселелерді шешетін еді. Жастар сапалы білім алу жолында үйінен алыс кетіп әуреге түспейтін еді. Бұл ретте, Үкімет оқу орындарына деген талапты күшейту керек. Оның ішінде құр дипломдар басумен айналысатын конторға айналған жеке университеттерге де шара қабылдануы тиіс», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Иә, мемлекет білім алуға талпынған жастарға барынша қолдау көрсетіп жатқанын да айта кету керек. Биылдың өзінде мектеп  бітіруші түлектерге 53 700- ден астам грант бөлінген.  

«Былтырғы жылы Президенттің тапсырмасымен қосымша гранттар бөлінді. Жатақхана салу мәселесі шешіліп жатыр. Жыл сайын бізде студенттер саны артып келеді. Грант артқан сайын жұмысқа орналастыру мәселесі күрделеніп келеді. Бұл мәселе де қазір шешіліп жатыр. «Жас кәсіпкер» секілді мемлекеттік бағдарламалар мен басқа да жобалар бар», - деді Қазақстан студенттері альянсының көшбасшысы Ілияс ТҮСТІКБАЕВ.

Келесі жылдан бастап студенттер мен магистранттар және докторантардың шәкіртақысы 25 пайызға  өседі. Президент «Еріктілер жылында» да жастар ерекше назарда болатынын айтты. Еліне, адамдарға жанашырлық танытып, жақсылық жасауға ұмтылған студенттерді ынталандыру мақсатында шәкіртақыларын көбейтуді және ақылы бөлімде оқитындар үшін әлеуметтік студенттік несие жүйесін енгізуді ұсынды. Өйткені, олардың мемлекетке, адамдарға деген пайдасы орасан деп атап өтті.

Қазір біз волонтер деп жүргеніміз қазақтың асар деген жақсы дәстүрін жалғаушылар деуге болады. Демек, енді иманды, қайырымды жастар қатары көбейеді деген сенім бар. Сондай-ақ көмекке мұқтаж көптеген адамдардың мәселелері шешілетіні қуантады.

Айта кетейік, келесі жылы 7 ұлттық жоба аясында еріктілерді қолдау орталықтары ашылады.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир