Ата-аналар балаларын қыдыртпас бұрын қайда апара жатқанын ойланса екен
Төтенша жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің пікірінше, батуттар мәселесі жылдар бойы қордаланған кемшіліктерден жинақталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Комитет төрағасы соңғы бірнеше күннің ішінде болған төтенше оқиғалар бойынша БАҚ өкілдеріне ақпарат берді.
Оның сөзінше, оқыс оқиғалардың елеулі бөлігі түрлі нысандарда қауіпсіздік шаралары жерткілікті деңгейде сақталмауынан болып отыр. Сонымен қатар, Владимир Беккер батуттардың жағдайына да тоқталды.
«Батут мәселесі бүгін немесе кеше пайда бола қалған жоқ. Бұған дейін қанша дабыл қақсақ та, дұрыс назар аударылмай келді. Былтыр осыған байланысты 9 оқиға тіркелді, шуладық та ұмыттық. Биыл қайғылы жағдай болып тағы дабыл қағылды. Бірақ солардың жұмыс тәртібін реттейтін тетік әлі қабылданған жоқ», - дейді комитет басшысы.
Оның айтуынша, елдегі батуттан басқа да түрлі ойын атракциондарының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі шамалы.
«Батут қана емес, жалпы атракциондар бойынша көптеген мәселе бар. Өткен аптада ғана Семейде әткеншек құлап, бірнеше бала жарақат алды. Ондай қауіпті атракциондар көбейген үстіне көбейіп жатыр. Өткен аптада Қостанайда батуттың жыртығына бала құлап қалды. Ең өкініштісі, әйел жыртықты баласын жібермей тұрып көреді де, бізге хабарлап, тесікті жастықпен бітеп қойғанын көрсеткен. Әрине ол шағым бойынша тексеріс жүргіздік. Полиция қылмыстық іс қозғап жатыр. Ата-аналар балаларын қыдыртпас бұрын қайда апара жатқанын ойланса екен», - деді комитет өкілі.