Елімізде сатылатын гүлдердің 25 пайызы ғана жергілікті кәсіпкерлерге тиесілі
Гүл бизнесі табысты саланың бірі. Бірақ тұрақты табыстың тәуекелі де көп. Елімізде саудаланатын гүлдердің тек 25 пайызы ғана жергілікті кәсіпкерлерге тиесілі. Қап-қап қаржы әкелетін бұл салаға тәуекел деп баратын саудагерлер саны саусақпен санарлықтай ғана. Ал голландиялық атаумен алып жүрген раушан, қызғалдақтардың көбі шындығында, Кения, Колумбия, Эквадор сынды елдерден келеді. Импортқа ғана икемделген еліміздің кәсіпкерлері гүл өсіруді көбейтуге неге қауқарсыз екенін Almaty.tv тілшісі анықтап көрді.
4 жылдан бері қызғалдық өсіріп жүрген Әбілқайырға дәл осы маусымда тыныштық жоқ. Мереке кезінде мүмкіндікті пайдаланып, қаржы тауып қалғысы келетіндер жас кәсіпкерден жылыжайдағы гүлдерді көтерме бағамен беруін сұрап әлек. Нарықтағы гүл бағамын жақсы білетін жігіт биыл 20 мың дана қызғалдақ гүлін бөлшектік бағамен өзі сатпақ.
«Негізі, 20 мың отырғыздық. Көтерме бағамен беруін сұрап жатыр. Гүлдердің орташа бағасы 200 теңгеден. Гүл аз, сондықтан өзіміз-ақ сата береміз. Бағасы 300 теңгеден айналады. Голландиялық раушандар енді 600 теңгеден жоғары болады ғой. Ал жергілікті гүлдер 400, 500 теңге шамасында», – деді жас кәсіпкер Әбілхайыр ҚАЛДАН.
23 сотық жерге гүл егіп, 10 адамға жұмыс беріп отырған Әбілхайырдың жылыжайы қарапайым. Оны көмір арқылы жылытады. Айтуынша, гүл өсіріп сатумен атасы, анасы да айналысқан. Қаржы табудың көзін тапқандықтан, бүгінде кәсіпкердің өзінен басқа туыстары осы салада бағын сынап жүр.
«Голландиядан әкелінген. Бұл пияздың бағасы ол жақта 40 теңге тұрса, бізге жеткенше, 80-90 теңгеге айналады. Және жұмысымен 20 теңге қосылады. Сонда 200 теңгеден көтерме бағамен сатылады. Кезінде голландықтар біздің Орта Азиядан алып кеткен гүл тұқымдары ғой. Олардың қазір жылдық айналымы 4 миллиард данадан асады. Соны бүкіл әлемге жібереді. Соның ішінде, біз де осыны алып егеміз. Ал оны өзімізде шығаруға әлі де технология жетіспейді», – дейді Әбілхайыр ҚАЛДАН.
Наурыз мерекелеріне гүл алғызу үшін кәсіпкерлер Голландияға тіпті, желтоқсан болмай тұрып тапсырыс беріп, теңгелерін төлеп қояды. Қазақ жеріне Эквадор, Нидерланд, Колумбия, Бельгиядан өзге, соңғы кездері іргедегі Қытайдан да гүлдер қаптайтын болған. Бірақ бұл мемлекеттерден келетін импорттық тауарлар Голландия аукционы арқылы айналымға түседі. Сатушы раушан мен қызғалдақтарды голландиялық дейді, оған алушы да сенеді.
«Голландиядан келеді дейді. Бірақ оның өсіретін жерлері Эквадор, Колумбия. Голландияда порт көп. Сол порттың арқасында бізге алып келеді. Екіншіден, импортпен айналыспай, біреуге пайда түсіре бермей, отандық диқандарға көмек көрсетейік», – деді экономист Бекнұр ҚИСЫҚОВ.
Сарапшылар жоғарыдағы елдермен гүл өсіру бойынша бәсекеге түсе алмаймыз дейді. Себебі, ұзын сабақты, иісі мүңкіген гүлдерді шығаратындай технология жоқтың қасы дейді. Тек Алматының іргесінде раушан гүлін өсіретін алып жылыжай бар. Бірақ бағаның бәсін қуған мұндағы бизнесмендер биыл гүлдерді тек Ресейге экспорттап жатыр. Ал бұл өсімдіктер орталығы Алматыдағы ең ірі жылыжай саналады. Алайда, онда раушан өспейді. Өйткені, баптау шығыны көп, табысы да төмен-міс.
«Қызғалдақ гүлінен 300 мың дана өсірдік. Ал фриз гүлінен 100 мың дана өсірдік. Бірақ бұлардың барлығын сыртқа басқа қалаға немесе экспортқа жібермейміз. Алматылықтардан аспайды», – дейді флорист Гүлнара ЯГМУРОВА.
Ал Алматы нарығына раушан гүлдері Түркістан мен Жамбыл облыстарынан келеді. Биыл жылыжай қожайындарының көбі гүлдерді өздері сатпақ. Өйткені, нарықтығы сұраныс үлкен дейді.
«Раушан гүлі жыл бойы сұранысқа ие. Жергілікті гүлдер де, сырттан тасыған гүлдер де бар. Әрине, өзімізде өсетін гүлдер арзан. Ал импортталған гүлдер қымбат болса да сұранысқа ие. Жуырда сауда қызады деп дайындалып жатырмыз», – деді кәсіпкер Марина ШУКШИНА.
Осыдан он жыл бұрын Қазақстанға 16 миллион доллардың гүлі импортталса, қазір бұл көрсеткіш 9 есеге бір-ақ көбейіп кеткен. Статистика солай дейді. Өткен жылы 155 миллион доллар тек сырттан гүл сатып алу үшін жұмсалыпты. Ал Қазақстан қызғалдақтың отаны болса да, гүл импортына тосқауыл қоя алмай тұр. Өз гүлін емес, өзгенің гүлін иіскегісі келетіндерің құмары басылмай, отандық кәсіптің бұл түрі де әзірге алға жылжымақ емес дейді сарапшылар.
Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы