Еркебұлан Оразалин мегаполис тұрғындарын дүкендерде дүрбелең туғызбауға шақырды

13.03.2020 18:44

Себебі, дүрліккен халық өз әрекетімен бағаның өсуіне себепші болуы мүмкін

Алматыда да азық-түлік қоры жеткілікті. Алаңдауға еш негіз жоқ. Дүкендердегі тауарлардың басым бөлігі отандық өнім болғандықтан, сөрелер бос қалмайды. Сондықтан, қала әкімдігі халықты негізсіз дүрлікпеуге шақырды. Оған қоса, тауар бағасының өсуіне жол бермеу үшін қазір нақтылы шаралар қолға алынған, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Бүгін бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінің алаңында кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин мәлімдеді. Ол тауар тапшылығын қолдан жасамау керектігін ескертті. Себебі, дүрліккен халық өз әрекетімен бағаның өсуіне себепші болуы мүмкін дейді.

«Қала бойынша осы 860 мың тонна мөлшерінде пайдаланып жатыр. Соның 240 мың тоннасы біздің өзіміздің қалалық өндірістік компаниялар шығарады. Кешегі Магнум, Small сияқты гипермаркеттердің барлығы егер карантин жарияланған жағдайда да күнделікті өзінің жұмыстарын атқарады. Демек, екіжақты да тауар өнімдері, реализация  жағынан біздің толығымен түсінігіміз бар», - деді Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан ОРАЗАЛИН.

Сондай-ақ, Алматыда медициналық бетперде мен антисептикалық заттар шығару ұлғаятын болады. Қазір алып шаһар тұрғындарын жеткілікті көлемде медициналық заттармен, әсіресе бетперде мен антисептикалық өнімдермен қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Айта кетейік, қала маңында отандық өндіріс бар. Мекеме жуық арада қосымша құрылғыларды іске қоспақ. Осылайша, қаладағы тапшылықты жою көзделіп отыр. Осыған дейін кәсіпорын айына 3 миллионға дейін бетперде шығарса, жуық арада өндіріс көлемі 8 миллионға жетпек.

«Тағы да бір айтып кететін жай санитарлық басқа да септиктер өндірістік өнімдерді оның мәселелері бәрі шешіліп жатыр. Алдымыздағы аптада одан кейінгі аптада аптекелардан біздің алматылықтар сатып ала алады», - деді қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан ОРАЗАЛИН.