Нұр-Сұлтанда әуежайдың бас есепшісі 1,3 млрд теңге жымқырды деп айыпталуда

24.05.2019 18:46

Елордалық әуежайдың бас есепшісінің заңсыз қызметінің жолы кесілді, деп хабарлайды Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

«Елордалық әуежайдың бас есепшісі Нұр-Сұлтан қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің лауазымды тұлғаларына 16 млн теңге сомасындағы пара беруде күдікті деп танылды. Сондай-ақ, күдікті акционерлік қоғамның 1,3 млрд теңгеден астам ақша қаражатын іс жүзінде жоқ шарттар мен жұмыстар бойынша жалған шот-фактураларды шығарумен айналысатын 23 фирманың есеп айырысу шоттарына аудару арқылы жымқырды деп айыпталды. Келтірілген залалды аудиторлық тексеру тұжырымы растады», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының елордалық департаменті аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Сот санкциясы бойынша күдіктіні күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.