Прокуратура Алматыда қандай да бір бейбіт жиын өткізуге рұқсат берілмегенін хабарлады
Әлеуметтік желілерде биыл 31 мамырда жергілікті атқарушы органдармен келісілген митингілер мен шерулерге қатысу туралы жалған хабарлама мен арандатушылық үндеу кеңінен таралып жатыр. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл күні Алматы қаласында қандай да бір бейбіт жиналыстар өткізу келісілмеді. Осыған байланысты, прокуратура жалған хабарламалармен жарияланған акцияларды ұйымдастыру және оларға қатысу, сондай-ақ оларға шақыру заңсыз екенін ескертеді.
Өкінішке қарай, митингілерді немесе өзге де бейбіт жиналысты өткізудің заңды тәртібі бірнеше рет түсіндірілсе де, ол заң бұзылып жатыр.
Бейбіт жиналыстарды өткізу тәртібі 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңмен бекітілген.
Тиісінше, заң талаптарын бұза отырып өткізілетін митингілерді, шерулерді, жиналыстарды немесе демонстрацияларды ұйымдастыру және оларға қатысу (Заңның 3 - бабының 3-тармағы) Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 488-бабы бойынша жауаптылыққа, оның ішінде 25 тәулікке дейін қамаққа алу шарасына әкеп соғады.
Заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа берілмеуге және заңсыз акцияларды, оларға жария түрде шақыруларды ұйымдастырудан және оларға қатысудан бас тартуға шақырамыз. Құқық қорғау органдары белгіленген құқықтық тәртіпке қол сұғатын кез келген құқық бұзушылықтардың жолын кесіп, кінәлі адамдарға заңда көзделген барлық іс-шараны қабылдайтын болады.