Министрлік Астанада қаза тапқан қыздардың отбасы жайлы мәліметтің тарап кету дерегін тергеп жатыр

Министрлік Астанада қаза тапқан қыздардың отбасы жайлы мәліметтің тарап кету дерегін тергеп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада қаза тапқан қыздардың отбасы жайлы құқық қорғау органдарына тиесілі құжаттардың Желіде тарап кету дерегіне қатысты ІІМ қызметтік тергеу жүргізеді. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ильин желіде таралып жатқан құжаттың рас не жалған екені туралы айтып бере алмады.

«Мен былай айтайын, Ішкі қауіпсіздік қызметі жедел тергеу саласына қатысты кез келген ақпараттың таралуы дерегі бойынша тергеу жүргізеді. Қатаң шаралар қолданылады, тіпті атқаратын лауазымдарынан және басшылық құрамнан босатуға дейін, яғни бұған жол берген қызметкерлер жұмыстан босатылуы да мүмкін», - деді Ильин.

Оның айтуынша, тергеу шаралары әлі жүріп жатыр, ол қаза тапқан қыздардың отбасы туралы жеке мәліметтерді хабарлауға этика тұрғысынан құқығы жоғын айтты.  

«Әзірше тергеу жүріп жатыр. Оның үстіне қайғылы оқиғадан кейін отбасының моральдық-психологиялық жағдайы осы деректерге жол бермейді. Сондықтан осы деректер бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп, ақпараттың таралуына жол берген лауазымды тұлғалар жазаланады», - деп уәде берді министрдің орынбасары.

Осыған дейін қазақстандық блогер Денис Кривошеев Facebook желісіндегі парақшасында өзіне әлеуметтік желі арқылы жіберілген құжатты жариялады.


Новости партнеров