Еңбекпен еленген әулет: Тұрғановтар табиғатты ширек ғасырдан бері қорғап келеді

29.07.2024 18:49

Ата жолын немелері де жалғастырмақ

Almaty.tv

Түркістан облысындағы «Сайрам-Өгем» ұлттық паркін бүтін бір әулет ширек ғасырдан бері қорғап келеді. Қызыл кітапқа енген жануарларды азықтандырып, қаскөйлерден қорғауды Тұрғановтар отбасының үлкені 60 жыл бұрын бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Отандастарымызды ғана емес, шетелдік туристерді де қызықтыратын Түркістан облысындағы Сайрам-Өгем аумағын ширек ғасырдан бері Тұрғановтар әулеті күзетіп келеді. Солардың бірі – Рысбек Тұрғанов. Зейнет жасына жеткен жігіт ағасы жұмысын 20 жасында бастаған. Алғашында аумақтағы аң-құстың азығына жауапты болған жұмысшы бүгінде инспектор қызметінде жүр.

– Бұл жұмысты үлкен ағам Тұрған бастады. Сол кісіге еліктеп, біз де осы салада қызмет етуді  армандадық. Өгемде терісі де, майы да емдік қасиетке ие бағалы, ерекше қорғалатын көк суыр бар. Сол маңда 18 жыл жұмыс істедім, – деді  «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мемлекеттік инспекторы Рысбек Өмірзақов.

Аға кәсібін жалғаған Рысбек Өмірзақовтың жұмысына бүгінде үлкен ұлы да кірісті. Қырықты алқымдаған азамат – ұлттық паркте директор. Ерлан Тұрғанов та 17 жылдан бері Сайрам-Өгемде жұмыс істейді. Әріптестері «Қызыл кітапқа енген аң-құсы бар аумақты бақылап, қорғау оңай емес» дейді.

– Ұлттық паркте бірнеше жылдан бері жұмыс істейді. Бұл кісінің еңбегі әбден сіңді. Тауда оны танымайтындар кемде-кем. Барлық әріптесімен жақсы сыйласады. «Үлкенмін» деп біреуге артық сөйлемейді, – деді Е. Тұрғановтың әріптесі Дәрмен Өсербаев.

«Сайрам – Өгем» ұлттық паркінің инспекторы Рысбек Өмірзақов – 2 ұл, 2 қыз өсіріп, 12 немере сүйген азамат. Ата жолын немелері де жалғастырып, «табиғатты қорғаймыз» деп отыр.

Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Жетісу облысында оңай олжаны көздегендер ұсталды