621 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр: Елде жеңілдетілген ипотека үшін ажырасатындар күрт көбейген

monacofrance.net
monacofrance.net
Банк несие беру бойынша үш жылдық кезеңнің қорытындысына талдау жүргізген
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Астанада көпбалалы және жалғызбасты аналар «Бақытты отбасы» бағдарламасынан кезектен шығып қалдық деп шағымданды. Мүгедек баласын туысына қаратып, бірнеше жерде жұмыс істейміз деген аналар баспана аламыз деген арманымыз орындалмайтын болды дейді. Енді 2 емес, 5 пайызбен ипотека рәсімдеу үшін табысымыз жетпей қала ма деп алаңдайды олар. Ал Индустрия министрлігі мен «Отбасы банкі» бұл кісілерге басқа жоба дайындалып жатқанын айтады. Жауаптылар елде жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар көбейгелі бері, ажырасатындардың саны да күрт артып кетті деп отыр. Толығырақ тілшісі Almaty.tv Өмір Серікбекұлы тарқатсын.

- Бір жылдан бері біреуге сол ауыратын баламды қаратып қойып, зейнетақы  жүрсін деп, ел сияқты жұмыс істеп, салық бар ма бәрін төлеп, кәне енді? Қалай жынданбайсың? Қалай?

Бұл – жалғызбасты және көпбалалы аналар. Айтуынша, бір жыл бұрын «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша кезекке тұрған. Зейнетақы үзілмесін, салық түсіп тұрсын, табысың сәйкес келу керек деген талаптарға сай болу үшін бірнеше жерде жұмыс істеп жүр екен. Алайда жақында бұл кісілерді аталған бағдарламадағы кезектен алып тастапты. Енді 2 емес, 5 пайыздық ипотекамен үй алуға кезекте тұр. Айлығымыз шайлығымызға әрең жетіп, балалардың аузынан жырып, жинап жүрген ақшамыз оған жетпейді деген 20-ға жуық ана «Бақытты отбасы» бағдарламасынан алып тастау себебін білу үшін Индустрия министрлігінің ғимаратына жиналды.  

«Жалғызбасты аналар ретінде өтінім бердік. Үш ай күттік. Үш айдан кейін нәтиже шыққаннан кейін, толық емес отбасы алып тасталды деп хабар келді. Не үшін? Не себепті екенін білгіміз келеді. Біз сол үшін талап етіп жүрміз», – деді жалғызбасты ана Мерейхан Жолдасова.

Бүгінде Қазақстан бойынша 621 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр екен. Оның 402 мыңы - әлеуметтік осал топтағы адамдар. Яғни «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасылар, 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектігі бар адамдар, кемтар балалары бар жанұялар мен жетім балалар үй кезегіне тұрып, ипотека рәсімдей алады. Бұл санаттағы азаматтар ең осал, баспанаға аса мұқтаж болып саналады екен. Сондай-ақ, тағы бір жеңілдетілген бағдарлама қарастырылып жатыр.

«Екі пайызбен мұқтаж болып тұрған азаматтарға 51 миллиард теңге бөлінді. Қалғандары бәрі бес пайызбен алады. Тағы да біздің министрлік тарапынан қазіргі жалдамалы пәтерді сатып алу мүмкіндігімен бағдарлама қарастырылып жатыр. Оның ішінде без кепіл ақы дейді. Қазір сондай, барлық қалған санаттағы адамдар соған қатыса алады», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі комитет төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол.

Ал «Отбасы банкінің» төрайымы Ләззат Ибрагимова соңғы кездері «Бақытты отбасынан» толық емес жанұя ретінде үй алу үшін жұбайлардың қасақана ажырасып жатқанын айтады. Аталған бағдарлама санатында кезекте тұрғандардың жартысынан көбі - толық емес отбасылар. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге бұл мәселені қолға алып, тексеру көзделіпті.  

 «Соңғы төрт жылда елде ажырасатындар саны күрт көбейіп кетті. Олар мұндай қадамға ипотека алу үшін барады деп санаймыз. Сондықтан егер толық емес отбасы болса, сондай-ақ жанұя мүшесінде мүгедек бала болмаса, онда олар 5-10-20 «Шаңырақ» бағдарламасымен баспаналы бола алады», – деді «Отбасы банкі» АҚ төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Айта кетейін, Қазақстанда екі жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама жұмыс істейді. Біріншісі – 7-20-25. Оған екінші деңгейдегі барлық коммерциялық банктер қатысады. Тек «Отбасы банк» қатыспайды. Оның басты айырмашылығы – өтініш берген күні адамның атында баспана болмауы керек. Екінші бағдарлама – «Нұрлы жер». «7-20-25»-тен басты айырмашылығы – оған соңғы бес жыл ішінде баспанасы жоқ, кезекке тұрған адамдар ғана қатысады. Сонымен қатар, олардың табысы орташа деңгейден төмен болуы керек.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров