Қазақстанда автокөлік жүргізушілеріне қатысты жаңа норма енгізілмек
Енді автокөлік жүргізушілері артық құжат тасып жүрмейді. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Мәжілістің жалпы отырысы барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Біз автокөлік жүргізушісі үшін барлық құжаттарды өзімен бірге алып жүрудің қажеті жоқ деген норманы енгізгіміз келеді. Жеке куәлігі болса, жеткілікті, жүргізушіге қатысты қалған деректерді планшет арқылы біліп аламыз. Яғни, қандай көлігі барын, сақтандыру полисінің аяқталу мерзімін, қанша рет сенімхат жазып берілгенін, техникалық тексеруден қашан өткенін, қанша айыппұлы барын, бәрін көрсетеді. Сол үшін жеке куәлігі болса жеткілікті, артық құжат тасып жүрудің қажеті жоқ», - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Министрдің сөзінше, бұдан былай полицейлер пайдаланатын планшет көшеде тұрған бейнекамералармен интеграцияланады.
«Егер байқап қарасаңыз, нөмір белгісінсіз жүрген автокөліктер жоқтың қасы. Қажеттілік туған жағдайда, бақылау камерасы кезекшіге белгі беріп, арнайы патруль қызметі көлікті тоқтатады. Нөмірді бүркемелей алмайды. ІІМ базасында бәрі тіркелген, егер автокөліктің түсі, нөмірі сәйкес келмесе, онда екінші рет белгі беріледі. Осылайша, көлік ұрлығының санын барынша азайтып жатырмыз. Мұндай жүйе Еуропаның бірнеше елінде ғана енгізілген», - деді министрі.
Айта кетерлігі, құжатқа қатысты аталмыш норма тек Қазақстан аумағында ғана жарамды. Өзге елдер аумағында қажетті құжаттарды бірге алып жүруге тура келеді.