Тозығы жеткен желі былтыр 7 жерден жарылып, тұтас аурухана жылусыз қалды
Жамбыл облысында ақ халаттылар қыста жылусыз қалуы мүмкін. Себебі Жуалы аудандық ауруханасының жылу желісі апатты жағдайда тұр. 64 жыл бұрын салынған магистраль әбден тозып, шіріп кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жуалы аудандық ауруханасы 1960 жылдары салынды. Жылу магистралі де содан бері жаңармаған. Тозығы жеткен желі былтыр 7 жерден жарылып, тұтас аурухана жылусыз қалды.
– Биыл қыстан шығу-шықпау қаупі бар. Егер құбырды ауыстырмаса, қауіпті. Кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін. Түртсеңіз, бәрі шіріп тұр. Қайта жөндеуге жарамайды, – деді Жуалы аудандық ауруханасының қойма меңгерушісі Асылбек Сембеков.
Мамандар былтыр аудандық ауруханаға жаңа қазандық салынды. Бірақ оның пайдасы болмады. Себебі жылуды ғимаратқа жеткізетін 100 метрлік желі жарамсыз. Мәслихат депутаттары сол себепті де, «бұл – кезек күттірмейтін мәселе» деп атап өтті.
– Дәл қазір қаржы тауып, жөндеу жұмыстарын бастаса, мәселе шешіледі. Ал кейінге қалдырса, 2-3 айдан кейін оны жөндеуге келмейді. Себебі Жуалы ауданында қыс ерте түседі, жөндеу жұмыстары тоқтап қалуы мүмкін, – деді облыстық мәслихат депутаты Керімқұл Бегалиев.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, аурухана облыстық Денсаулық сақтау басқармасына қарайды. Мәселені жылда көтеретін аудандықтар проблемаға биыл ғана көңіл бөлінгенін айтты. Тиісінше, жобалық сметалық құжаттама жасалып, бюджеттік ұсыным берілген.
– Аудан әкімдігі тарапынан мәселені былтыр көтердік. Жылда жылыту маусымында арнайы комиссия тексереді. Сол кезде ескерттік. Енді қаржы қарастырылып, жобалық сметалық құжаттама жасалды, – деді Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Жабағы.
125 орындық аурухананы жылумен қамту үшін 100 метр құбыр желісі жаңғыртылуы тиіс. Оған 118 миллион теңге қажет. Қаржы жедел бөлінсе, құрылыс жұмыстары басталады.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысы
Оқи отырыңыз: Флюорографияға жазылыңыз: алаяқтықтың жаңа түрі шықты