Астанада жоғалып кеткен 13 жастағы баланы іздеуге еріктілер қосылды

Астанада жоғалып кеткен 13 жастағы баланы іздеуге еріктілер қосылды
Кешке үйінен шығып, сырғанақ тебуге кеткен Өмірхан Бақдәулет сол күйі оралмаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада із-түзсіз жоғалып кеткен жеткіншекті іздестіру шараларына «Ұлттық ұлан» сарбаздары мен кинологтар жұмылдырылды. Өткен сенбіде сырғанақ тебуге кеткен Бақдәулет Өмірхан үйіне қайтып оралмаған. Ұшты-күйлі жоқ болған баланы еріктілер тәуілік бойы дамылсыз іздестіріп жатыр. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатады.  

Із-түзсіз жоғалып кеткен 13 жасар Бақдәулетті іздестіру шаралары осымен үшінші күн жүргізілуде. Шараға тәртіп сақшылары, «Ұлттық ұлан» сарбаздары, кинологтар және волонтерлар қатысуда.

Бақдәулетті бастапқыда тәртіп сақшылары мен еріктілер ғана іздеген еді. Олар сырғанақтың маңындағы карьер мен жақын жатқан құдықтардың барлығын жіті тексерген. Алайда, еш нәтиже шықпады. Ал кешелі бері іздестіру шарасына «Ұлттық ұлан» сарбаздары мен кинолог мамандар жұмылдырылды. Ұйытқыған боранға қарамастан, олар әр жерді жіті тексеруде.

«Әріптесімнің баласы жоғалғанын естіп, жұмыстан сұранып осында келдім. Таңғы сағат оннан бастап сырғанақ маңындағы зираттарды, әскери қалашықты қарадық. Сонда барып, бері жүрдік. Әзірге еш нәтиже жоқ. Әлі де іздейтін боламыз», – дейді ерікті Айбат МҰҚАНОВ.

Ал туыстары Бақдәулетті соңғы рет 16 ақпан күні Теміржол кентіндегі үйінен көргенін айтады. Дәл сол күні кешкі бес жарымда ол сырғанаққа барамын деп шыққан күйі қайтып келмеген.

«Әскери бөлімшенің сырғанағына барып ойнаймын деп кеткен. Содан хабар жоқ. Ол осы маңды жақсы біледі. Компьютерлік клубтарға мүлдем бармаған. Ол жаққа онсыз да бармайтын. Мектебі де осы маңда. Сабаққа осы жерден келіп-кетеді. Ойнайтын болса, осы жердегі балалармен ойнайды. Сыныптастарынан басқа ойнайтын достары жоқ. Ашық, ондай тұйық емес. Біреудің артынан еріп кетпейді олай», – деді Бақдәулеттің жеңгесі Шолпан КЕНТАНОВА.

Ал Астана қаласы Полиция департаментіне баланың жоғалғаны туралы арыз ертеңінде түскен. Олардың айтуынша, іздеу жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп жатыр.

«17 ақпан күні Астана қаласының Полиция департаментіне 2006 жылы туған жасөспірімнің жоғалғаны туралы арыз келіп түсті. Ата-анасының айтуынша, бала 16 ақпан күні кешкі алтылар шамасында шығып, үйіне оралмаған. Қазір оны іздестірудің кешенді жұмыстары жүруде. Полицейлер жеткіншекті көрген куәгерлер болса, «102» нөміріне хабарласуларын сұрайды», – деді Астана қаласы Полиция департаментінің жетекші маманы Әлия БӘКІМБАЕВА.  

Із-түзсіз жоғалған жасөспірімнің ата-анасы да баланы көрген, қандай да бір ақпараты бар адамдардан көрсетілген нөмірге хабарласуын сұрайды. Ол арықша келген, шашы қарақоңыр, бетінде меңі, сол жақ бетінде тыртығы бар. Сол күні көк куртка, қара түсті құлақшын, сұр джинсы және қара етігін киіп кеткен дейді туыстары.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астана



Новости партнеров