Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар саны көбейген

24.11.2021 21:20

Тек биылдың өзінде полицияға осындай факт бойынша 125 мың адам хабарласыпты

Almaty.tv

Карантин кезінде Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының саны артқан. Тек биылдың өзінде полицияға осындай факт бойынша 125 мың адам хабарласыпты. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрлігі мәлімдеген еді. Аталған деректерді қалалық «Жан-Сая» кризистік орталығының мамандары да теріске шығармайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

28 жастағы Жәния Маханбетова жуырда үшінші перзентін өмірге әкеледі. Қазір жүктіліктің тоғызыншы айында жүрген әйел екі ай бұрын кризистік орталықтың көмегіне жүгінген. Бір жарым жылдан астам уақыт бойы күйеуінің қыспағын көрген әйел «Қызғаныштан туған жанжалдың соңы таяқ жеумен аяқталатын» дейді. Тіпті, соққы салдарынан тісі түсіп қалған. Ұрыстан басталған сондай сәттерде жас ана өмірімен қош айтысқысы келгенін де жасырмады.  

«Өзіме пышақ алып жүгірген күнім болатын. Бәрінен шаршап кеттім. Кейде дұрыс тамақтандыра алмадым ба, киіндіре алмадым ба деп қателікті өзімнен іздеймін, бірақ бәрібір ақтай алмаймын», – дейді жәбірленуші Жәния Махамбетова.

Қазіргі таңда аталған орталықта 17 ана балаларымен бірге тұрып жатыр. Сол 17 ананың бәрі тұрмыстық зорлыққа ұшырағандар. Кейбірінен тіпті, ет жақындары да бас тартқан. Тағдырдан теперіш көріп, барар орны қалмағандарға есік ашық екенін айтқан орталықтың мамандары экранда көрсетілген сенім телефонына байланысуға болатынын да жеткізді.

«Біздің орталық 8 әлеуметтік бағытта көмек көрсетеді және арнайы әлеуметтік стандартқа сәйкес жұмыс жасайды. 8 әлеуметтік бағыттың ішінде медициналық, педагогикалық, заңгерлік, мәдени көмектер жатады. Яғни, біздің орталыққа келген әйелдерге ең бірінші психолог мамандар қолдау көрсетеді», – деді әлеуметтік қызметкер Зүлфия Омарова.

Күнделікті күйбең тірлікте туындаған мұндай мәселелер адам психологиясына да ауыр әсер етеді дейді мамандар. Әрі дерттің денін айтпай, жасырып қалудың соңы қайғылы жағдайға ұласып жатыр. Отбасында оңалмай тұрған тұрмыстық мәселе болса, тиісті орындарға хабар беру – адам өмірін аман сақтап қалудың алғышартына да айналуы мүмкін. 

Мадина Оқас, Аяна Нарикбаева, Скандарбек Тоғызбаев, «Алматы» телеарнасы