Алматы облысының полицейлері бір ай бұрын із-түзсіз жоғалған жасөспірімді тапты

22.10.2020 18:53

Ол жеке пәтерде тұрып, көлік жуу орындарының бірінде жұмыс істеген

Almaty.tv

Алматы облысының полицейлері бір ай бұрын із-түзсіз жоғалған жасөспірімді тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

10 қыркүйекте  Сарқан АПБ кезекші бөліміне 15 жастағы жасөспірімнің 49 жастағы заңды өкілі оның жоғалғаны туралы арызданған. Оның айтуынша, жігіт 9 қыркүйекте үйден белгісіз бағытта кетіп, оралмаған. Кәмелетке толмаған жасөспірімнің хабар-ошарсыз кетуі дерегі бойынша полицейлер бірден іздеу ісін бастап, оны іздеуге кірісті. Іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер жасөспірімнің Ақтұма ауылына жаяу жеткенін, содан кейін таксимен аудан орталығына барғанын, сол жерден Алматы қаласындағы “Первомайкаға” жеткенін анықтады. Әрі қарай оның бағыты жоғалды. Бір айдан астам уақыт бойы тәртіп сақшылары Алматы қаласының Жетісу ауданынан баланы тапқанша іздеу шараларын жүргізді. Ол онда жеке пәтерде тұрып, көлік жуу орындарының бірінде жұмыс істеген.

Жасөспірім полицияға адал жұмысы үшін алғыс білдірген заңды өкіліне табысталды. Ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған жасөспіріммен алдын алу жұмыстарын жүргізді. Заңды өкіл ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы “Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және (немесе) оларға білім беру, олардың құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөнiндегi, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы” бойынша жауапкершілікке тартылды.