Төтенше жағдай кезінде қызметкерлерді еңбек демалысына жіберу қаншалықты заңды

Almaty.tv
Almaty.tv
Еңбек заңнамасы бұзылған жағдайда не істеу қажет
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Төтенше жағдай кезінде қызметкерлерді еңбек демалысына жіберу қаншалықты заңды? Ал еңбек заңнамасы бұзылған жағдайда не істеу қажет? Осы сауалдарға бүгін орталық коммуникациялар брифингіне қатысқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі. 

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова, ең алдымен мемлекеттік қызметкерлерге  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі ұстанымын қатаң ұстауға шақырды. Гигиена ережелерін сақтау әріптестеріміздің және азаматтарымыздың арасында COVID-19 таралмауына көмектеседі. Қалыптасқан жағдай коронавирус инфекциясының таралу қаупін төмендетуге мүмкіндік беретін қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдауды талап етеді. Осы ретте орган басшылары қызметкерлердің денсаулығын және күнделікті жұмысты толыққанды орындау қабілетін сақтауға жағдай жасауы тиіс. Бұдан соң агенттік төрайымы мемлекеттік қызметкерлердің  70 пайызға дейін қашықтықтан жұмыс істеуге көшіру мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Қашықтан жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерді тұрғылықты жерлерінде болып, өз қаласынан және елді мекенінен ешқайда кетпеуге шақырды. Қызметтік міндетті орындаумен қатар режімді сақтауға жауапкершілікпен және байыппен қарау қажет. Қазіргі уақытта қызметтерді электронды форматқа көшіру бойынша мемлекеттік органдардың белсенді қызметінің арқасында азаматтар үйден шықпай-ақ электронды түрде 80 пайыздан астам мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндігі бар.

«Бұл ретте азаматтардың мемлекеттік қызметтерді қашықтан алуы, соның ішінде өтініштерді мемлекеттік органдардың Call-орталығы және ойнлайн арқылы қабылдау үшін ақпараттық жүйелер мен порталдардың үздіксіз жұмыс істеуіне ерекше назар аударуы қажет», –  деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА

Анар Жайылғанова жұмыс берушілер қызметкерлерін еңбек демалысына мәжбүрлеп жіберуге болмайтынын жеткізді. Бұл – әрбір адамның өз құқығы. Олар қалаған жағдайында  қалыпты режимде немесе қашықтықтан да жұмыс істей бере алады. Тағы бір айта кететінім, брифингте мәлім болғаны – қашықтықтан жұмыс істегеннің өзінде қызметкер жалақысын бұрынғы мөлшерде алатыны.  Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов карантинде жатқан азаматтарды еңбекке жарамсыз деп таныды. Сондықтан оларға еңбекке жарамсыздық парағы беріліп, төленуі тиіс.

«Еңбекке жарамсыздық парақшасы рәсімделеді. Жұмыс берушілер оны толықтай төлеуге міндетті. Төленбеген жағдайда еңбек инспекциясына жүгіне алады», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.

Министр еңбек заңнамасы бұзылған жағдайда міндетті түрде тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша еңбек инсмпециясына жүгіну керектігін алға тартты. Министр жұмысқа шықпаған жағдайда да төленетін жәрдемақы жайлы тағы да айта кетті. Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес жұмыс берушіге және жұмыскерге байланысты емес себеп бойынша бос тұрып қалу уақытын рәсімдеу тәртібі және бос тұрып қалу уақытында ақы төлеу жалақысын ең төменгі мөлшерден кем болмайтын мөлшерде белгіленген.

Бұл – 42500 теңге. Алайда еңбек шартында немесе ұжымдық шартта бұл мәселе алдын ала қарастырылса, одан да жоғары төлем алуға мүмкіндік бар.

Салтанат Нысанбек, "Алматы" арнасы

Новости партнеров