Атырауда заңсыз айналымнан 4 мыңнан астам психотроптық дәрі алынды

04.12.2021 18:55
inform.kz

Атырауда заңсыз айналымнан 4 мыңнан астам психотроптық дәрі алынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтің айтуынша, 29 қараша - 3 желтоқсан аралығында «Дәрмек» профилактикалық іс-шарасы өтті. 

«Аталған іс-шара кезінде Атырау қаласында тұратын 1 700 дана трамадол, 85 дана трапикамед дәрі-дәрмектерін заңсыз сатып жүрген 47 жастағы әйел ұсталды. Қазір ол ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 426-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 4 мыңнан астам трамадол, 200-ден аса тропикамед дәрі-дәрмектерін тәркіледі. Сондай-ақ есірткі сатудың 5 дерегі анықталды. Медицина саласының 1, серіктестіктің 1 қызметкері есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналысына байланысты нысандар мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзғаны белгілі болды. Фармацептикалық қызметтің және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың қағидаларын бұзуға қатысты 5 дерек тіркелді. Осындай заң бұзушылыққа жол бергендер әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – дейді Қамза Үмбетқалиев. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда трамадол сатып жүрген әйел ұсталғанын жазған едік.