Қазақстандықтар туыстарының құмар ойын ойнамауына заңмен тыйым сала алады

14.05.2020 02:12

Министрлік ойын бизнесінің қатысушыларын шектеу бойынша норма енгізді

Фото из открытых источников

«Ойыннан ұтылып келеді де үйдің ішінде шыққан айқай-шудан кейін өзін-өзі ұстай алмай, аса ауыр қылмыс жасайды». Бүгін Парламент Мәжілісінің қабырғасында өткен алқалы отырыста дәл осылай деген Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаров құмар ойындарға бой алдырғандардың туған анасын, жарын өлтіру фактілерін тізіп берді. Ал еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұдан былай ойыншылардың жақындары сот арқылы ойнауға тыйым сала алатынын мәлімдеді. Бар болғаны, сотқа жүгініп, әрекет етуге қабілетсіздігін дәлелдеу қажет. Бұл туралы Almaty.tv тілшісі хабарлайды.

Соңғы бес жылда заңсыз ойын бизнесі фактілері бойынша 200-ден астам қылмыстық іс қозғалған. 251 қылмыстың 90-нан астамы букмекерлік кеңселерге қарақшылық шабуыл жасау болса, 161-і – тонау фактілері. Өкініштісі, құмар ойынның құлына айналғандар арасында жақындарын өлтіру фактілері жиі ұшырасады. 

«2018 жылдың 3 сәуірінде Шымкент қаласында букмекерлік кеңселердің тұрақты ойыншысы ұсталды. Ол ірі ұтылыстан кейін эмоционалды тұнжыраңқы көңіл күйде болып, туған анасы мен атасын пышақтап өлтірген. Дәл сол жылы 14 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында жергілікті тұрғын өзінің бірге тұрып жатқан қалыңдығын пышақтап мертіктірді. Қалыңдығы арнайы бинго орнына барып, сәтсіз ойнаған», - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали ЗАППАРОВ.

Осы тектес қайғылы жағдайларды болдырмау үшін енді қазақстандықтар жақындарының құмар ойын ойнамауына заңмен тосқауыл қоя алады. Мәдениет және спорт министрлігі ойын бизнесінің қатысушыларын шектеу бойынша норма енгізіп отыр.

«Ойынға құмарлық – бұл психологиялық ауру. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі де растап отыр. Сондықтан да ойыншы өзінің тым құмартып кеткенін сезіп, өтініш жазуы қажет. Бұдан соң оны ешбір казино немесе қандай да бір ұтыс ойындарына жолатпайды. Алайда, заң жобасын талқылау барысында депутаттар бұл норманың жеткіліксіз екенін айтқан болатын. Осы ретте түзету енгіздік. Бұдан былай ойыншылардың туыстары сотқа жүгініп, жақындарының іс-әрекетке қабілетсіздігін дәлелдей алады», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА.

Отырыста сондай-ақ, букмекерлік кеңселердегі ставкаларды есепке алу орталығы құрылатыны мәлім болды. Аталған кеңселерге қолма-қол немесе электрондық төлем жүйелері арқылы түсетін барлық төлемдер ескеріледі. Бұл көлеңкелі айналымды болдырмауға, салық түсімін арттыруға, бақылауды жеңілдетуге мүмкіндік бермек.

Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтан