Амал мерекесі: Алматыда Наурыз мейрамының онкүндігі басталды

14.03.2024 17:56

Амал мерекесін мегаполис тұрғындары Көктөбеде атап өтті

Almaty.tv

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Амал мерекесімен құттықтады. «Осы күні ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымыз ерекше дәріптеледі» деген Президент ел ырысы көбейіп, жыл жақсылығымен келсін деп тілек білдірді. Ал Алматыда Наурыз мейрамының онкүндігі басталды. Бүгінгі Амал мерекесін мегаполис тұрғындары Көктөбеде атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Амал мерекесі еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен тойланып жатыр. Бұл күні қыстан түгел шыққан жұрт бір-бірімен қуана қауышып, қол алысып көріседі. Бұл – жылдағы әдет. Алып шаһар Алматының тұрғындары мен қонақтары Амал күнін Көктөбеде атап өтті.

– Алматыға Амал мерекесі, Көрісу күні келіп жатыр. Мұның өзі халықтық, ұлттық мейрамға айнала бастады. Бұрын батыс өңірде ғана тойлайтын. Бұл – өте жақсы мереке, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет.

Өнер иелері бүгін Көктөбені ән мен жырға бөледі. Алматы қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

Көрісу күнін зерттеп жүрген ғалымдардың біразы бұл күнді географиялық ерекшелікпен байланыстырса, кейбірі Наурыз мейрамының алғашқы мерекесі деп біледі. Десе де айтулы күнге қатысты бұдан өзге дерек бар.

– 14 наурыздан 15 наурызға қараған күнді көшпенділер кереметтей қарсы алып, мерекелік іс-шаралар жасағаны туралы саяхатшылар дерегі көп. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Абай, Шәкәрім, Жүсіпбек Аймауытовтың да Ұлыс күні туралы жазған деректері бізге жетті. Көрісу – осы амал күнінің бір ғұрпы, – деді іс-шара сценарисі Базарбек Атығаев.

Алматыда Наурыз мейрамын тойлау аясында көптеген іс-шара ұйымдастырылады. Олардың форматы да түрлі болмақ. Мегаполис тұрғындары спорттық, мәдени-бұқаралық шараларды, көрмелер мен концерттерді тамашалай алады.

– Қаламыз өте үлкен. Сондықтан қала тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін әрбір ауданда әр күні арнайы бекітілген кестеге сәйкес, Наурыз мейрамын атап өтеді, – деді Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда Наурыз мейрамы 10 күн қатарынан тойланады. Ал ертең 15 наурыз - қайырымдылық күні. Ондағы мақсат – мейірім мен жанашырлықты насихаттау.

Гүлмарал Изатқызы, Адель Ақжаркенова, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Бүгін – Көрісу күні