Алматыда имамдар арасында өткен білім сайысының жеңімпаздары анықталды

01.10.2021 18:57

Діни білімді арттыру жарысы қала аумағына қарасты 8 аудан арасында ұйымдастырылды

Алматы бойынша имамдар арасында өткен «Құран Кәрімнің отызыншы парасын жатқа оқу» сайысының қорытындысы шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала аумағына қарасты 8 аудан арасында ұйымдастырылған діни білімді арттыру жарысының қорытындысы бойынша жеңімпаздардың аты аталып, арнайы сертификаттар табыстады. Сондай-ақ өзге қатысушылар да назардан тыс қалмай, ынталандыру сыйлықтарымен марапаттады.  

«Имамдар да қоғамның, елдің алдында жүргендіктен, әрдайым білімін толықтырып отыруы – уақыт талабы. Бүгінгі шара имамдарды осы тұрғыдан ынталандырады деген үміттеміз», – деді қаланың бас имамы Төлеби Оспан.

Алматының бас имамы Төлеби Оспанның айтуынша, сайысқа қатысқан қарилер арнайы оқу семинардан өтіп 1 ай дайындалған. Ал аталмыш сайыстың басты мақсаты – жас имамдардың білімін арттырып, діни сауатын нығайту. Естеріңізге салсақ, бұған дейін осы тектес жарыс жас балалар арасында өткен еді.  

«Сайысқа қатысу нәсіп болған екен, енді бірінші орын алу бұйырып отыр екен. Сансыз шүкір. Мұны имамдарға қажетті, маңызды шара деп түсінеміз. Және де жауапкершілігін де түсінеміз», – деді Байнақ мешітінің наиб имамы Құдірет Бекжанов.